2020 жылы агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру көлемі 366 млрд теңгеге жетті. Бұл туралы халыққа есеп беру кездесуінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өткен жыл еліміздің бүкіл экономикасы үшін және агроөнеркәсіптік кешен үшін күрделі жыл болды. Соңғы жылдары мемлекет таңдаған аграрлық саясат, сондай-ақ өткен жылы қабылданған дағдарысқа қарсы шаралар коронавирус пандемиясымен байланысты күрделі жағдайларда отандық агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Өткен жылы қабылданған дағдарысқа қарсы шараларды ескере отырып, мемлекеттік қолдау көлемі 366 млрд теңгеге дейін жеткізілді. Бұл 2019 жылғы деңгейден 13 пайызға көп», - деді министр.
Сахархан Омаров субсидиялау барынша жеңілдетілгенін және толық автоматтандырылғанын, бұл субсидия беру процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік бергендішін атап өтті.
«Субсидиялауға қойылатын талаптарға өзгерістер енгізу арқылы шағын және орта фермерлерді субсидиялаумен қамту көлемі ұлғайтылды. Өсімдік шаруашылығындағы барлық субсидиялар бірыңғай қағидаларға біріктірілді. Өсімдіктерді қорғау құралдарын субсидиялау кеңейтілді. Енді гербицидтер ғана емес, пестицидтердің басқа да түрлері субсидияланады. Басты жаңалықтардың бірі субсидияларды күнтізбелік жыл шеңберінде емес, тұқым, тыңайтқыш, пестицидтер сатып алынған күннен бастап 12 ай ішінде алуға мүмкіндік жасалды», - деді ол.
