16 нау, 2018 сағат 10:04

Омар Жәлел: «Қазақ жалқау» деген сөз қайдан шыққан?

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы қоғамда қызу талқыға түсті. Мақалада айтылған міндеттерді жүзеге асыру жұмыстары басталып кетті. Қоғамдық сананы жаңғырту бойынша насихат топтары жасақталып, ұлттық комиссия құрылды. Ғалымдар мен саясаттанушылар және  шетелдік басылымдар өз ой-пікірлерін ұсынып үлгерді. Бұл мақала жөнінде Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, тарихшы, абайтанушы Омар Жәлелұлымен сұқбаттасып, қазіргі қазақтың өткені мен бүгініне көз жүгірткен едік.

– Омар аға, ең алдымен тұңғыш кітабыңыз – «Харекеттің» жарық көруімен құттықтаймын. "Харекет етпек - ханның ғана ісі емес" деп, халықты іскерлікке шақырып, еңбек культін насихаттап келесіз. Осы «қазақ жалқау» деген ұғым қайдан шықты?

– Қазақ бұрын өз еркі өзінде, ата кәсібі өз қолындағы халық еді. Ол заманда жалқау болу мүмкін емес. Тарихшы ретінде Ресей империясының қазақ даласын қалай отарлағаны көз алдымда тұр. Қазақ қалалардан шеттетілді, шұрайлы жерлерден қуылды. Үндістер резервацияда тұрса, қазақтарды ауылға қарай икемдеді.

Жақсы деген ұғым бар. Жақсы сөзінің - сын есім емес, элита ұғымын білдіретінін жүрген жерімде айтып жүрем. Жақсы деген – халықтың арын, ұятын сақтап отыратын элита. Отарлау кезінде молда мен байларды қамшымен қу деген ұран тасталды. Себебі молда мен бай қазақтың бұрынғы элитасы еді. Элитасы бар халық, басы бар халық ешкімге бағынбайды. Серік Ақсұңқарұлы «Біз қазақ, бассыз салт атты секілдіміз» деп жазды. Кенесарының басы шабылған күні қазақтың толық бодандыққа кіргенін символикалық түрде айтып отыр. Ал оған дейін 358 көтеріліс болған. Қазақ жанталасты, беріспеді, атысты, шабысты. 1931 жылы қазақтың малын тартып алды. Малынан айырылған халық жанын да, арын да сақтай алмады. Ал тізе бүккен, құл болған халықта арман қалмайды, жалқау болады, бойкүйез болады және бір-бірін көре алмайтын алауыз болады.

1822 жылы атақты «Степное уложение» шықты, сол бойынша қазақтың хандық жүйесі жойылды. Қазақтың өз жүйесіжойылған соң, Ресей империясы өзінің «Бөліп ал да, билей бер» саясатын енгізді. Болыстықты, старшындық пен ауылнайлықты, партияны ойлап тапты. Алауыздық пен көреалмаушылық осы кезде басталды.

Энтони Роббинс деген америкалық коуч бар. Сол кісі: «Жалқаулық деген жоқ. Жалқаулық арманның болмауынан пайда болады. Егер сені таңғы бесте төсегіңнен жұлып алмаса, ол арман - арман емес», – дейді. Құл болған адам ештеңені армандамайды екен. Арманның жоқтығынан жалқаулық деген кесел пайда болды. Бұрын «сендер құлсыңдар, сендерде мәдениет жоқ, тіл жоқ» деді. Басында «Құл болмаймыз, құл емеспіз» деп қарсыластық, қидаластық. Кенесарының көтерілісі, Исатай, Махамбет, Сырым Датұлы, Созақ көтерілісі… Бірақ, ұра берсе, "Құдай да өледі". Әсіресе, бізді тұралатып кеткен аштық болды, аштықтан кейін халықтың сағы мүлдем сынды. «Иә, біз құлмыз» дедік, «біздің жазуымыз жоқ», «көзімізді сендер аштыңдар», «біз құлмыз» деп қайталайтын деңгейге жеттік. Қазіргі айтып жүргеніміз де - соның жаңғырығы. Жалқаусың ба? Иә, жалқаумыз. Алауызсыңдар ма? Иә, алауызбыз. Шын мәнінде олай емес. Әрбір қазақ тәуекелшіл, жанын аямайтын кәсіпшіл болған.

Тәуелсіздік алдық, егемен елге айналдық. Президенттің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы отарсыздану процесінің ақжолтай хабаршысы деп ойлаймын. Рухани жаңғырудан кейінгі қадам Сенат пен  Мәжілісте. Қазақ халқының отар болғаны туралы қаулы қабылдап, отарсыздану туралы бағдарлама жасалса артық емес. Бұл біреуді ренжітейік, біреудің шамына тиейік деген мақсат емес, өзіміз үшін, өз ұлтымыздың болашағын баянды ету үшін керек. Отарлық дегеніміз – рухани кесел, ұлтымыздың ұлы денесіне түскен кесел. Перғауынның құлдығында болған еврейлерді Мұса пайғамбар 40 жыл шөл даламен алып жүріпті. Себебін сұрағанда: «Құл болған халық мемлекет құра алмайды. Сондықтан мен оларды құлдық сана кетсін деп, ешкіммен араластырмай, 40 жыл бойы бөлектедім», – депті.  Қазір біздің санамызда отарлау кезінде қалыптасқан құлдық сана шөгіп жатыр. Көп адамдардың орысша сөйлеуі, ата-аналардың балаларын орыс мектебіне беруі, кейбір азаматтардың қазақ тіліне немқұрайды қарауы, міне, осының бәрі отарлау деп аталатын кеселдің симптомдары. «Өзінің ауру екенін білген адам енді ауру емес», – дейді қытайлар.

– Мақаладан кейін зиялы қауым арасында «тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани код» мәселесіне түрлі көзқарас айтыла бастады. Сіздің пайымыңызша, қазаққа тән ұлттық код қалай қалыптасты?

– Мұқағали жазған бір өлең бар. Бір бала тау ішінде оқудан қыстағына қайтып келе жатады. Сонда оның жанынан семіз жарау атқа мінген, екі беті шиқандай қызыл, үстіне ішік, басына тымақ, аяғына пима киген ер кісі ағызып өте шығады. Яғни баланы қыстың ортасында тастап кетеді. «Әй ағай, бойыңда қазақтың қасықтай қаны болса, сен мені тастамаушы едің ғой» дейді бала. Қан дегеніміз – код, ақпарат, сол бұзылып тұр бізде. «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» дейді қазақ. Қадірі қашқан, өз-өзін сыйламайтын халық экономиканы жасай алмайды, әлемдік бәсекеге төтеп бере алмайды. Бір ғұлама «жан рухты тудырады, рух экономиканы жасайды» деп айтқан екен. Жапондарға қараңыз, олар жапонның рухын көтерді. Жапон киносының, жапон мәдениетінің насихатын күшейтті. Сол арқылы экономиканы жасады. Қазақ «өзіңді өзің сыйласаң, жат жанынан түңілер» дейді. Біздің жастардан неге қазақша сөйлемейсің деп сұрасаң, оның айырмасын білмейді. Олар үшін қай тілде сөйлейтіндері маңызды емес.

Саналарына кеселдің батпандап кіріп кеткені сондай, өз тілінде сөйлемеу олар үшін ұят емес. Себебі оның санасы азат. Бүгінгі рухани жаңғыруды қазақтың қанын қайтару деп түсінем.

– Қазақтың өзге халықтардан ерекшелігі неде деп ойлайсыз?

– Мәшһүр Жүсіп Қазақтың екісінің бірі – жақсы-жақсы сөзі элита деген мағынада, екісінің бірі – әулие болды» дейді. Неге дегенде, қазақ ешқашан дүниеге қызықпаған халық деп жауап береді. Оның оқуы, медресе саны көп болған жоқ, бірақ жүрегін таза сақтап қалды деп жазған. Алла тағаланың «Кім жүрегін таза сақтап қалса, мен оны еріксіз әулие ғып жіберемін» деген уәдесі бар екен.

Өткен ғасырларда жоңғарлар, қалмақтар сынды қаншама халық қырылып кетті, қазақтар әупірімдеп аман қалды. Жерін, мемлекетін сақтап қалды. Алла тағала Құранда «Мен сендердің жүздеріңе де қарамаймын, малдарыңа да қарамаймын, жүректеріңе қараймын» деген. Қазақтар – жаны мен жүрегі таза халық. Сол дүниеге қызықпайтын қазақты отарлық жүйе дүниемен алдап, рухани қалпын бұзды, бір-біріне айдап салып, үлкен кесапаттарға жол берілді.

Арқада Байқотан деген би өткен. Сол кісінің айтқаны бар: су сүзілмейді, сүйек үзілмейді. Сүйек дегеніміз тек екен, біздің тегіміз үзілмейді. Отарлау жүйесінің ең басты мақсаты – халықты өзіне деген сенімнен айыру. Өзіне сенетін халық ешкімге бас бостандығын бермейді. Бір өлеңінде Мұқағали «Біз – Антейміз» деп жазды. Антей деген гректің титаны болған, оны Гераклден басқа ешкім жеңбеген. Сөйтсе, оның күші жерде екен. Геракл оны жерден көтеріп алғанда, Антей бар күшінен айырылып, жаны шығып кеткен.

– Жаһандану мен діни-идеологиялық экспансиялар өршіп тұрған заманда ұлттық кодты сақтап қалудың жолдары қандай? Ұлттық иммунитетті қалай қалыптастыру керек?

– Ұлттық иммунитет біздің ауыз әдебиетімізде жатыр. Егер бала жастайынан батырлар жырын, қисса-дастандарды жаттап өссе, мектепте жырауларды жаттаса, сәл өскен соң Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіпті жаттап өссе, оларды ешқандай жау алмайды. Иммунитет деген осы. Яғни әрбір халықтың иммунитеті халықтың өз ішінде, туған мәдениетінде, өзінің дәстүрінде. Ататүрік 1924 жылы билікке келгенде, Антанта Түркияны бөліп аламыз деп анталап тұрды. Сонда Ататүрік өз халқына былай деп үн қатты: «Ей, түрік халқы! Сендер әлемдегі ең мықты халықсыңдар, сендер мақтаныңдар! Түрік тілі – әлемдегі ең бай тіл». Отарлануды кесел деп қарар болсақ, науқасты ең алдымен жансақтау бөліміне апарады, кеселді жеңу үшін оған дәрі егеді, глюкоза мен дәрумендер береді. Ұлттық идеология да сол, өзін құл санап, езілген, өз тілінде сөйлеуге ұялатын, өзінен өзі жиренетін халыққа өз сенімін қайтару үшін глюкоза, яғни қаржы бөліну керек. Ұлттық құндылықтарға басымдық беріп, жер атауларын өзгертіп, фамилиялар өзгеріп, бәрін қалпына келтіру қажет.

– Ғалым ретінде қандай оқулықтарды, шығармаларды қазақ тіліне аударуды ұсынасыз?

– Ахмет Байтұрсынұлы  өткен ғасырда: «Бізге үш нәрсе керек. Білімді болу керек, бай болу керек және күшті болу керек. Білімді болу үшін оқу керек, бай болу үшін кәсіп керек, күшті болу үшін бірлік керек», – деп жазды. Қазіргі уақытта қазаққа кәсіп керек. Оқулықтар болмаса да, белгілі бір авторлардың еңбегін аудару керек. Әрине, бәрі орыс тілінде жазылып қойған, оларды қазақтың қазанына құю үшін, қазақшаға түпнұсқа тілден аудару керек. Халықтың еркін ойлауы да отарсызданудың бір белгісі. Дәл қазіргі уақытта халықты еркін ойға жетелейтін кітаптар керек. Маған ұнаған Джон Кехоның «Подсознание может все» деген кітабы бар. Өте пайдалы кітап дер едім. Біз білетін жалғыз мотиватор Дейл Карнеги бер жағы ғана екен. Америкада одан да мықты тренерлер көп. Батыстағы бизнестің негізін қалаушы алыптардың бірі Стивен Ковидің «7 навыков успешного человека» атты туындысы бар, әлемдік бестселлер. Бодо Шефердің кітаптары да оқуға тұрарлық.

– Мақалада айтылған «Туған жер» бағдарламасы қызу талқыланған тақырыптардың біріне айналды.  Өткен ғасырларда еліне, жұртына шапағаты тиген атақты байлар болды.  Қазіргі қазақ байлары қандай? Не өзгерді? 

– Негізі, әр нәрсе өзін ақтау керек. Қазақ руханиятында байлық өзін қайырмен ғана ақтайды екен. Қайыр – араб тілінде жақсылық жасау деген мағынаны береді. Ақтамберді айтады:

Қайырлы болса, баяжан,

Айдын шалқар көлмен тең.

Қайырсыз болса, жаман бай,

Тартылып қалған шөлмен тең.

Асылында, байлар мен баяжандарды ажырата білуіміз керек. Халқына шапағаты тиген дәулетті адамдарды халық баяжан деп еркелеткен. Бүгінгі меценаттарды өткен ғасырлардағы баяжандардың жұрнағындай көремін. Қазақ даласында ешқашан таптық қайшылық болмаған. Бай – менеджер, бүкіл ауыл ерікті түрде соның малын бағады. Өз кезегінде бай халықтың керек малын сойып беріп, баласын үйлендіріп, қызын ұзатып, бар шығынды көтеріп отырған. Жетімін жылатпаған, жесірін жібермеген. Сонда бүкіл ауыл, кедей-кепшігіне дейін байдың малын өз малым деп есептеген. Көрдіңіз бе, қазақтың өз жүйесі, өз жолы болған.

– «Сакралды Қазақстан» жобасына келсек. Еленбей қалған, халық біле бермейтін, киелі жерлер тізіміне енуге лайық орындар ма?

– Өзім жақсы білетін Арқада бірталай әулиелердің зираттары бар. Қарағанды облысының Ботақара ауданында Бұқар жырау жатыр, оның басына ешкім бармайды. Бәрі Мәшһүрге барып тәу етіп жүр, шын мәнінде Мәшһүрдің ұстазы – Бұқар жырау. «Бұқарекеңнің жазғанын тауысып біту үшін жерді қағаз қылып, көкті сия етсем де жетпейді» деп жазған. Алдымен Бұқарға бару керек. Ақкөл жайылмада Мәшһүр Жүсіптің ұстазы Исабек ишан жатыр. Баянауылдың өзі біртұтас аңыз. Арқада Шортанбай жатыр, Абайға бата берген Шабанбай би бар. Семейдегі Ақшоқыда Құнанбай жатыр, Шәкәрімнің Саят қорасына бару керек. Петропавлда Шал ақын бар, Көкшетауда Науан хазірет, Ақан сері, Біржан сал жатыр. Қазақ қашанда кірлеген кезде, қиналғанда, бала тілегенде алдымен Алланы айтып, әулиелерден медет тілеген. Қазір түрлі діни бағытқа шырмалғандар әулиелердің басына баруды ширк деп жүр, халықтың өзі не істерін білмей қалды. Қазақ айтады, әулие өлгенімен, оның кереметі кетпейді, зиратының маңында ерекше аура болады. Киелі орындар тізіміне енбей қалса да, мұндай орындарды назардан тыс қалдырмау керек.

– Сұқбатыңызға рақмет! Қазақ елі көркейе берсін, қарыштап дами берсін!

Айжан ҚАСЫМ

«Ақ желкен» журналы, №2
Ақпан, 2018