Токио Олимпиадасының футбол турнирінде бақ сынайтын құрамалардың толық саны белгілі болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Дүбірлі додада барлығы 16 құрама жасыл алаңға шығады. Олардың арасында Еуропадан - Франция, Германия, Испания, Румыния; Азиядан - Австралия, Оңтүстік Корея, Сауд Арабиясы; Оңтүстік Америкадан - Бразилия, Аргентина; Солтүстік Америкадан - Мексика мен Гондурас; Африкадан - Египет, Кот-д'Ивуар; Оңтүстік Африка, мұхит аймағынан - Жаңа Зеландия келеді.
Сондай-ақ, олардың қатарына айтулы аламанды өткізетін ел ретінде Жапония құрамасы қосылады.
Аталған турнирдің жеребесі 21 сәуірде FIFA штаб-пәтерінде тартылады. Футбол турнирі 22 шілде мен 8 тамыз аралығында Токио (екі стадион), Сайтама, Иокогама, Ибараки, Сендай және Саппоро қалаларында өткізіледі.
Естеріңізге сала кетелік, Токио Олимпиадасы былтыр өткізілуі тиіс болатын. Әлемде коронавирус инфекциясының таралуына байланысты кейінге шегерілді.