Қазақстан Пхенчхандағы (Оңтүстік Корея) Қысқы олимпиада ойындарында алтын алған спортшыға және оның бапкеріне 250 мың доллардан береді, - деп хабарлады мәдениет және спорт министрлігі спорт комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов.
Оның айтуынша, күміс алған спортшыға 150 мың доллар, ал қола алған спортшыға 75 мың доллар беріледі. Ол Қазақстан құрамасы Пхенчхандағы ойындарда Сочи олимпиадасында көрсеткен нәтижені, қолдан келсе одан асып түсуді мақсат етіп отыр.
Қазақстан құрамасы бұл олимпиаға әзірге 49 лицензия ұтып алған. Қазақстан спортшылары олимпиадаға фристайл, шаңғымен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, коньки, трамплиннен секіру және шана спортынан қатысады.
Пхенчхан қаласындағы Қысқы олимпиада 9-25 ақпанда өтеді. Олимпиаданың ашылу салтанатында Қазақстан туын шорт-трекші Абзал Әжғалиев ұстап шығады.