29 қаң, 2025 сағат 17:51

“Оларды аямайды“. Депутат Аралбайұлы таксистердің құқығын қорғап, дабыл қақты

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы такси жүргізушілерінің мәселесін көтерді, деп хабарлайды Ult.kz, Massaget.kzке сілтеме жасап.

Депутат қай заң жобасына қарсы?

Мәжілісмен Нартай Сәрсенғалиев такси мен автобус жүргізушілерінің мәселесін көтеріп, премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярға сауал жолдады. Оның сөзінше, тәулік бойы тыным таппай жолаушы таситын такси мен автобустың тізгінін ұстаған азаматтарды тәртіпке саламыз деп, Үкімет Мәжіліске заң жобасын ұсынған.

Бұл заң жобасының мақсаты - жолаушыларды автомобильмен тасымалдау саласындағы мемлекет құзыретінің бір бөлігін өзін-өзі реттеу ұйымдарына беру, "СРО" құру.

"Бұған сарапшылар әуел бастан қарсы болды, Мәжілісте де талай түйреп, сынымызды дәйекпен айттық. Бірақ мемлекеттік органдар тасжолдағы қауіпсіздікті өздері ретке келтіре алмай отырып, жауапкершілікті жекеменшік ұйымға ысыра салуға бағытталған бағдарынан бас тартпай отыр", - деп сынады депутат.

Қандай мәселе көтерілді?

Депутат мәслелерді жіпке тізіп айтып берді:

  • Заң жобасы өзін-өзі реттеу ұйымдарына жолаушылар тасымалындағы тарифті белгілеу, бағаны реттеу құзыреттерін бермек. Бұл - қате. Құрылуы мүмкін өзін-өзі реттеу ұйымдары азаматтарымызды аямайтыны екібастан белгілі. Бұл жерде тұтас саланы жекеменшік ұжымдарға жығып беру - монополияны қолдан жасауға бағытталған қисынсыз әрекет. Біздің Үкімет тыңнан түрен салып жатқан жоқ. Мәселен такси қызметін өзін-өзі реттеу ұйымына бергендердің бірі АҚШ, Калифорния штаты. Салдары ауыр, біріншіден, тұтас салаға қожайын болған қауымдастық өзіне жақын такси компанияларын ғана тіркеп, қалғандарына жолаушылар тасымалдауға тыйым салған. Екіншіден, жекенің қолына өткен саладағы қауіпсіздік талаптары жеңілдетілгендіктен, таксилер демалыссыз жұмыс істеген. Салдарынан таксилерге қатысты жол апаттары 15 пайызға көбейген. Бұл - СРО-ны енгізгеннің салдары.
  • Жолаушыларды автомобильмен тасымалдау саласындағы қауіпсіздік мәселелерін өзін-өзі реттеу ұйымына беру - адамдардың өміріне жүрдім-бардым қараудың нақты көрінісі. Ақшаның артынан қуған жекеменшік ұйымдар қауіпсіздікке қалай болса солай қарайтыны айтпаса да түсінікті. Мысалы Бразилияда жолаушы тасымалдау өзін-өзі реттеу ұйымына берілген. Олар дереу автобустарға берілетін лицензияның талаптарын жеңілдетіп тастаған. Салдарынан автобустарға қатысты жол апаттарының саны 15 пайызға көбейген, жапа шеккендер санында есеп жоқ. Біздің елде де жол апаттары жыл сайын жүздеген адамның өмірін жалмайды, бұл проблеманы мемлекеттік органдар шеше алмай отырып, ақыр аяғында жолдағы қауіпсіздікті өзін-өзі реттеу ұйымына бере салу туралы шешімдері ақылды адамның әрекеті емес.
  • Үшінші мәселе. Қазақта "Сараң бай союға қозы таппай, жарлының жалғыз тоқтысын сұрайды" деген сөз бар. Жұмыссыз жүрген жандар мен айлығы шайлығынан артылмайтын ағайын такси болып нәпақа таба бастағаны сол еді, уәкілетті министрлік бұл саланы "реформалау керек" деген бастамамен шыға келді. Министрліктің ойынша, енді әр таксист өзін-өзі реттеу ұйымына мүше болып жарна төлеуі керек екен. "Депутаттар бұл нормаға қарсы шыққанда, жарнананы такси қызметімен айналысатын мобильді қосымшаларға тіркелген жеке кәсіпкерлер төлейді" деді министрлік. Бірақ міндетті төлемдердің енгізілуі жолаушы тасымалдау қызметінің қымбаттауына әкеледі, жапа шегетін қарапайым халық.

"Такси және автобуспен жолаушы тасымалдайтын салаға өзін-өзі реттеу ұйымын енгізу, яғни СРО құрып азаматтарды оның қатарына кіруге міндеттеу - тұтас саланың бір қолға өтуіне, салдарынан монополияның орын алуына апарар жол", - деп ашынды ол.

Көліктен 5 минуттан артық оталдыруға қатысты...

Нартай Сәрсенғалиев көлікті 5 минуттан артық қыздарғандарға айыппұл салу туралы ережені де сынға алды.

"Қазір қоғамда қызу талқыланып жатқан, автокөлікті 5 минуттан артық оталдырып тұруға болмайды деген ақылға томпақ талаптан аттап кете алмаймын. Бұл - 20 жылдан аса уақыт бұрын Үкімет бекіткен шешім. Бірақ бұл қаулы қате екеніне бәріміздің көзіміз жетіп отыр, қоғамда қатаң сынға алды. Қақаған қыста автокөлігін 5 минуттан артық оталдырған азаматтарды қазір біреулер бейнетаспаға түсіріп, салдарынан құзырлы орындар айыппұл салып жатыр. Бұл - ақылға сыймайтын шешім, себебі сарышұнақ аязда көлікті қыздармасаң темір тозады, көлік бұзылады, оны жөндеп шығынға бататын баяға бұқара халық. Бұл турасында бір ғана ұсыныс бар, автокөлікті 5 минуттан артық оталдырып тұруға тыйым салатын министрліктің шешімін дереу қайта қарау керек", - деді ол.

Депутат көлік оталып тұрғаннан экологияға зиян келеді дейтіндерге алдымен ауаға тонналап зиян қалдық тастайтын зауыттар мен аспаннан қара қар жаудыратын мекелерді тәртіпке салуды ұсынды.