Коллаж: ulysmedia.kz
Қазақстан Сенатында 4 желтоқсанда қаралады деп жоспарланған «ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салу» жөніндегі норма күтпеген жерден күн тәртібінен алынып тасталды, деп хабарлайды Ult.kz.
Қоғамда қызу талқыға түскен заң жобасының кенет тоқтатылуы әлеуметтік желіде де, сарапшылар арасында да түрлі болжам тудырды.
3 желтоқсанда Сенаттың ресми Telegram-арнасы апталық отырыстың алдын ала күн тәртібін жариялап, үш ірі мәселені қарау жоспарланғанын хабарлаған еді:
жер қойнауын пайдалану және геологияны дамыту;
әкімшілік әділет пен заң шығару тетіктерін жаңарту;
архив ісі және құқыққа қайшы контент, сонымен бірге ЛГБТ насихатына тыйым салу нормасы.
Алайда бір күн өтпей жатып, жаңартылған анонста үшінші мәселе көптің талқысына түскен ЛГБТ-ға қатысты норма күн тәртібінен алынып тасталды.
Неге кейінге қалдырылды?
Сенаттың баспасөз қызметі заң жобасы «қосымша пысықтауды қажет етеді» деп түсіндірді. Ресми мәліметке сүйенсек:
құжат Еңбек кодексі мен тағы 12 заңға түзету енгізуді көздейді;
заң балалардың құқығын қорғауға қатысты нормаларды қамтиды;
бұл бағыт «аса мұқият қарауды талап етеді».
Басқаша айтқанда, Сенат заңды асығыс қабылдаудан бас тартып, тереңірек саралауға көшкен сыңайлы.
Мәжіліс не шешкен еді?
Бұған дейін Мәжіліс ЛГБТ насихатына тыйым салатын түзетулерді мақұлдап қойған. Бұл норма ақпарат құралдары мен интернетте ЛГБТ-ға қатысты кез келген мәлімет таратуға толық тыйым салуды көздейді. Өзгеріс Архив ісі туралы заң жобасына енгізілген.
Депутат Еділ Жаңбыршин бұл норманың қажеттігін бірнеше жыл бойы талқылап келгенін атап өтті. Оның айтуынша:
«Бұл қасиетсіз топ ұлттық фольклорымызда гомосексуализм бар деп, тұтас халыққа жала жапты».
Бұл бастама қоғамда екі түрлі реакция тудырды. Депутаттар бұл норманы «қоғамдық мораль», «балаларды қорғау», «ұлттық құндылықты сақтау» деп түсіндіреді. Белсенді Әсем Жәпішева заңды «ЛГБТ мәселесімен бүркемеленген цензура» деп атады:
«Бүгін – ЛГБТ, ертең – әйелдер, бүрсігүні – билікті сынауға тыйым. Цензура әрдайым құндылықты қорғау деген қаптамамен келеді».
АҚШ Қазақстанда ЛГБТ-ны дамытуға қаржы бөлді
Бір қызығы, дәл осы кезеңде АҚШ президенті Дональд Трамп USAID қаржысының бір бөлігі шетелдегі ЛГБТ бағдарламаларына жұмсалғанын сынға алды. Оның айтуынша:
Лесотода ЛГБТ жобаларына – 8 млн доллар,
Молдовада – 32 млн,
Қазақстанда — 10 млн доллардан астам бөлінген.
Трамп мұны «америкалық салық төлеушілердің ақшасын ысырап ету» деп бағалады. Бұл мәлімдеме Қазақстанда қаралып жатқан заң жобасының қоғамдағы резонансын күшейте түсті.
Сонымен, Сенат заң жобасын кейінірек қайта қарайтынын мәлімдеді. Алайда нақты мерзім белгісіз. Қоғамда пікір қақ жарылды: бір тарап ұлттық құндылықты қорғау керек десе, екінші тарап бұл сөз бостандығына қауіп деп есептейді.
Бұл мәселе Қазақстанда идеологиялық, саяси, құқықтық және ақпараттық кеңістіктің болашағын айқындайтын ең даулы тақырыптардың біріне айналып отыр.
