ҚР Ұлттық олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаев оқу-жаттығу өткізетін мемлекеттерді таңдауда кесте бекіткен Қазақстан бокс федерациясының бапкерлер кеңесін сынға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бапкерлер кеңесі шетелге шығатын оқу-жаттығу жиындарына қараңыздар. Сіздердің географияларыңыз (оқу-жаттығу жиынын өткізуде таңдалатын мемлекет) қандай қағидатпен белгіленетіні түсініксіз. Көрші өзбек құрамасын білесіздер, керемет команда. Мен сіздерден Өзбекстанда не болып жатқанына талдау жүргізіп көруді өтінген болатынмын. Олар қалай дүр сілкінді? Ол жақта боксқа қызығушылық бір мезетте қалайша шарықтап кетті? Өзбекстан шынында да мықты команда әзірлеп, керемет нәтиже көрсете бастады. Сіздер болсаңыздар, ешқандай талдау жүргізбедіңіздер, жауап та бере алмай отырсыздар. Оқу-жаттығу үшін Голландия еліне бара жатыр екенсіздер. Ол жақта не істейсіздер? Барыңдар да өзбектермен төбелесіңдер. Олимпиадаға барып дайындалыңдар! Сендердің нағыз спарринг-қарсыластарың сол жақта», - деді Тимур Құлыбаев Қазақстан бокс федерациясының отырысында.
Оның айтуынша, қазақ боксшылар күні ертең Токио Олимпиадасында өзбек және орыс боксшыларымен алтын медальға таласатын болады.
«Голландиядан не жоғалтып алдыңыздар? Туристсіздер ме? Бекжан (Бектенов – федерацияның атқарушы директоры) талапты әлсіретпеңдер! Ақшаның бәрін игеруге жұмсап, адамдар ақыры ары-бері сандалып жүр. Ресейде қаншама мықты боксшы бар. Ол жақта неге оқу-жаттығу жиындарын өткізбеске? Кубалықтар бар. Олар да Олимпиадада ертең ең жоғары дәрежеде өнер көрсетеді. Неліктен олармен спарринг өткізбейсіздер. Сіздер турист емес, Олимпиада чемпиондарын дайындайтын адамсыздар. Оларды лайықты қарсыластарға қарсы қойыңдар. Сапар кестесін қайта қараңдар! Бұл - менің тапсырмам» - деді Тимур Құлыбаев.
Еске сала кетсек, Қазақстан бокс федерациясының бүгінгі отырысында Тимур Құлыбаев аталмыш федерация басшылығынан кететінін мәлімдеген болатын.
Оның орнына белгілі қазақстандық бизнесмен Кеңес Рақышев сайланды.