29 сәу, 2021 сағат 12:10

Өкпенің қатерлі ісігіне шалдыққан науқастардың 80%-ы дәрігерге асқынған кезде келеді


Алматыда Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында «Өкпе қатерлі ісігі. Озық шешімдер» атты халықаралық ғылыми-практикалық онлайн конференция өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жиының ашылуында Қазақстанның бас онкологы, профессор, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры Диляра Қайдарова елдегі онкологиялық мәселеге тоқталып, қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтау жолдары жайлы айтып берді.

«Өкпе қатерлі ісігі 21 ғасырда да маңызды мәселенің бірі. Жыл сайын Қазақстанда өкпе қатерлі ісігінен 3500-дей адам ауырады. Сондай-ақ жылына 2 мыңнан астам науқас өмірден өтеді. Күн сайын 7 адам осы аурудан қайтыс болады. Бізге келетін науқастардың 80%-ы сырқатын асқыныдырап алғандар. Сондықтан бүгін ісікті ерте кезеңінде анықтау және алдын алу скринингтері, терапияның инновациялық әдісі жайлы айтамыз», - дейді Диляра Қайдарова. 

Конференцияға Италия, Түркия, Испания, Ресей, Беларусь және Қазақстанның онкологиялық орталықтардың сарапшылары қатысып жатыр.

«Қазір Қазақстанда өкпе ісігін ерте кезеңінде анықтау үшін кешенді скиринингті енгізгелі отырмыз. Ол төмен дозалы компьютер томографиясымен жасалады. Бұл әдіс өкпе рагын ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Сәйкесінше оны емдеу жеңіл болады»,- дейді Бас онколог.

Конференция шеңберінде торакальды хирургия бойынша шеберлік сыныптар өтеді.

Шара Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен және «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ, «Қазақстандық онкологтар қауымдастығы» ҚБ ұйымдастырумен өтіп жатыр.