11 там, 2020 сағат 12:37

«ОА + Жапония»: Сыртқы істер министрлері пандемиямен күрестегі ықпалдастықты талқылады

Бүгін ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді бейнеконференция форматында «Орталық Азия + Жапония» диалогы Сыртқы істер министрлерінің кезектен тыс кеңесіне қатысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Аталған алаң COVID-19 пандемиясына қарсы тұру аясында ерекше маңызға ие болуда. Кеңес барысында тараптар пандемиямен күрестегі тиімді өзара іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударып, оның өңір экономикасы үшін жағымсыз салдарын еңсеру және сыртқы экономикалық қызметті жандандыру мәселерін қарастырды. Эпидемиологиялық жағдай, бір-біріне гуманитарлық көмек көрсету жөніндегі өңірлік ынтымақтастық, азаматтарды шет елдерден қайтару мәселелері, сондай-ақ экономикалық ұтқырлық пен іскерлік белсенділікті қалпына келтіру перспективалары талқыланды», - делінген ҚР СІМ мәліметінде.

Қазақстандық тарап Жапония Үкіметіне пандемияға қарсы күресте жан-жақты қолдау көрсеткені, озық тәжірибелерді енгізу бойынша екі елдің санитарлық-эпидемиологиялық қызметтерінің өзара іс-қимылын нығайтуға және вакцина мен жаңа медициналық препараттарды әзірлеу, ғылыми-практикалық көмек көрсетуге әзірлігі үшін ризашылығын білдірді.

«Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары осы формат шеңберінде өзара сауда-экономикалық іс-қимылды қалпына келтіруге бағытталған практикалық күш-жігерді біріктіру туралы шешім қабылдады. Бұл аспектіде Жапонияның экономикалық және технологиялық әлеуеті қызығушылық тудырады. Оны жалпы Орталық Азия экономикасын жаңғыртуда және бірлескен жобаларды іске асыру арқылы қолдануға болады. Кеңеске қатысушылар сыртқы саясат ведомстволары басшыларының келесі 8-ші кездесуі барысында Жапон бизнесінің қатысуымен сауда, инвестициялар және агроөнеркәсіптік кешен саласында нақты ұсынымдар әзірлеуге келісті», - деді СІМ-нен.

 

Айта кетейік, «Орталық Азия + Жапония» диалогы Жапонияның бастамасымен шақырылған. Алғашқы кездесу 2004 жылы Нұр-Сұлтанда өтті. Формат шеңберіндегі ынтымақтастықтың негізгі бағыттары саяси диалог, өңірішілік ынтымақтастықты дамыту, бизнесті көтермелеу, зияткерлік диалог, мәдени байланыстар мен адами алмасу болып табылады. Диалог аясында Сыртқы істер министрлерінің кезекті 8-ші кеңесін Токиода 2021 жылы өткізу жоспарланып отыр.