Нью-Йорк штатының губернаторы Эндрю Куомоны ұятты әрекет жасағаны үшін тағы бір әйел айыптады. Бұл туралы The New York Times газеті хабарлады.
Басылымның 33 жастағы Анна Рухтың сөзін жазған. Ондағы мәліметке сай, оқиға 2019 жылдың қыркүйек айында, оның достарының үйлену тойында орын алған. Бұл тойда Куомо да болған. Әйелдің айтуынша, Нью-Йорк губернаторы оның қасына келіп, бір-екі ауыз сөз айтып, белінен құшақтаған. Әйелдің қарсылық танытқанынына қарамастан, Куомо оның бетіне қолын қойып, ернінен сүймек болды.
Рух губернатордың бұл әрекетінен өзін ыңғайсыз сезінгенін айтқан. The New York Times-тің жазуынша, Куомоның келіспейтін қылық танытқанын Рухтың сол күні өз достарына жіберген хабарламалары растап отыр.
Бұған дейін Куомоның бұрын қарамағында жұмыс істеген екі қызметкер Шарлотта Беннет пен Линдси Бойлан басшысы қырындағанын жариялады. Беннет Куомоға қатысты айыбын сенбі күні айтса, Бойлан бұл туралы 2020 жылдың желтоқсанында айтқан болатын. Губернатор болса, екі оқиғаға қатысын жоққа шығарып отыр.
Бұл Нью-Йорк губернаторының қатысуымен болған бірінші жанжал емес. Бұған дейін АҚШ-тың федералдық билігі мен Нью-Йорктің Бруклин ауданының прокуратурасы былтыр көктемде және жазда қарттар үйінде коронавирусқа шалдығу салдарынан қайтыс болған адамдар санын жасыру күдігіне ілінген Куомо әкімшілігіне қатысты тергеу амалдарын бастаған еді.