09 мау, 2021 сағат 13:58

Нығматулин Цойға: "Окоптан шығатын кез келді"


Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойды халыққа жақын болуға шақырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Окоптан шығатын кез келді. Құрметті министр мырза, халықтың мұң-мұқтажын тыңдауға шығу керек. Адамдармен санитарлық дәрігердің қаулысы арқылы байланысқанды доғару керек. Ауруханаға, емханаға барыңыз. Әсіресе, аудандық медициналық ұйымдарды аралып шығыңыз, ондағы кезекте тұрған адамдарды тыңдаңыз. Менің ойымша, сол кезде медициналық көмек сапасы мен осы көрсеткішке қол жеткізу жайында қажетті мәлімет аласыз. Жалпы өз жұмысыңыз жайында халықтың пікірін естисіз», - деді Нығматулин Мәжілістің жалпы отырысында. 

Спикер министрге статистиканы, Еуропаны мысалға келтіруді тоқтатып, халықпен байланыс орнатуға кеңес берді.

«Алексей Владимирович, қазір денсаулық жүйесіне оңай тиіп жатқан жоқ, салмақ түсіп отыр. Бірақ жинақталатын кез жетті. Орталық коммуникациялар қызметінің залында ғана байланыс орнату жеткіліксіз. Қағаздан немесе суфлердан баяндаманы оқып, кетіп қаласыз, журналистер сұрақтарының жартысына да жауап ала алмайды. Адамдармен тілдесіңіз, біз кім үшін еңбек етіп жүрміз? Біздің сайлаушыларымыз солар ғой. Ел басшылығы сізді қолдады, парламент қолдады, ақша бөлініп жатыр, жұмыс істейтін уақыт келді», - деді Нығматулин.