Біз соғысты көрмеген ұрпақпыз. Бейбіт өмір бесігінде тербелдік. Тәуелсіздік тұсында өмір сүріп жатырмыз. Жыл сайын Жеңіс күні ғасыр парақшасына жасырынған сол соғыстың салқын лебін сезінеміз. Аталарымыз бен әкелеріміз қан майданда шайқасты. Көбі құрбан болды. Із-түзсіз кеткендер қаншама?! Аман оралғандар қазақты құрып кетуден сақтап қалды. Әр майдангер кемі 6-7 баладан ұрпақ өрбітті. Сол үшін де біз оларға қарыздармыз.
Екінші Дүниежүзілік соғыстың қазақ халқына берген зардабы ауыр: майдан даласына өз еркімен аттанған талай боздақ түтінсіз қалды, ерлік пен өрліктің үлгісін көрсеткен азаматтар Кеңес одағы мен Шығыс Еуропа елдерінде мәңгілік жай тапты; соғыс қазақ демографиясына сұмдық соққы жасады, 40-жылдардың орта тұсында 1 жарым миллионға дейін ойсырап қалдық.
«Осы соғысты «болмаған, болса да бізге қатысы жоқ, қатысы болса да, қасиетсіз, «Ұлы Отан» деуге келмейтін, тек орыстарға апарып кіндігімізді жабыстыратын» дейтіндер шыға бастады» деп жазыпты қазақтың ойшыл ұлдарының бірі Мамай Ахетов өз парақшасында. Ал Түсіпхан Түсіпбеков: «Мен Ұлы Отан соғысы ардагерінің баласымын, сондықтан да әкеміздің аузынан сұрапыл соғыс жайлы әңгіме естігенмін. Соғыс деген – ел басына қасірет әкелетін зұлмат. Осы зұлмат соғыста жеңіске жеткен әкелерімізге ризамыз. Жеңістің аты – жеңіс. Сонысымен де Жеңіс күні ерекше қастерлі және ұлы мереке! Жеңіс күнін тойлай отырып, енді ешқашан да аспанымызды бұлт шалмасын деп тілейік! Келе жатқан Ұлы Жеңіс мерекесі құтты болсын, ағайын!» деп өз көзқарасын білдіріпті.
Расында, осы күні «аталарымыз босқа соғысты, бекерге құрбан болды, Жеңіс күнін атап өтудің түкке де қажеті жоқ, бұл – біздің соғыс емес, біздің жеңіс емес» деушілердің қатары көбейді. Олар Украина мен Өзбекстанды мысалға келтіреді. Майдангерлер құрметіне тұрғызылған ескерткіштердің қиратылуын жөн санайтындар да бар…
Біржақты пікір айту оңай. Өткенге баға беру тіптен оңай. Қалай бұлтарса да жоғарыдағыдай пікірдегі азаматтар фашизмге қарсы күрес дегеннің не екенін қайта бір қаперіне алса дейсің. Бұл – тарих! Тарих тақтайдай түзу жолдардан тұрмайды.
«Өкінішке қарай, тарихта тұтас ұлттардың ешқашан орындалмайтын елес идеологияларға шырмалып, ақыры су түбіне кеткені туралы мысалдар аз емес. Өткен ғасырдың басты үш идеологиясы – коммунизм, фашизм және либерализм біздің көз алдымызда күйреді. Бүгінде радикал идеологиялар ғасыры келмеске кетті. Енді айқын, түсінікті және болашаққа жіті көз тіккен бағдарлар керек. Адамның да, тұтас ұлттың да нақты мақсатқа жетуін көздейтін осындай бағдарлар ғана дамудың көгіне темірқазық бола алады. Ең бастысы, олар елдің мүмкіндіктері мен шама-шарқын мұқият ескеруге тиіс», – деген Нұрсұлтан Назарбаевтың аталы сөзі естен шықпауы тиіс.
«Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы «Ұмытылған батырлар» туралы тамаша бастама көтерді. Екінші Дүниежүзілік соғыстың тарихында ашылмаған ақтаңдақтар бар. «Соғыс кезінде жүздеген қазақ Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған. Аталған марапатқа екі рет ұсынылған жауынгерлер де бар. Әртүрлі себептермен ол атақты бермеген. Ондай азаматтар көп. Мысалы, снайпер Төлеуғали Әбдібековті бәрі біледі. Ол 400-ге жуық дұшпанды өлтірген. Сосын танкист Жұмаш Ахметов бар. Былтыр ғана ондай азаматтардың саны 14-15 адам деп ойлағанбыз. Қазір біраз жаңа дерек шығып жатыр. Соған сәйкес, 100-ден астам жерлесіміз ерекше ерлік көрсетіп, Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылса да мұндай атақты ала алмапты. Мұндай азаматтардың туған-туыстарын іздестіру жұмыстарына «Нұр Отан» партиясы да атсалысады. «Партия тізім бойынша барлық туыстарын анықтауға көмектеседі. «Нұр Отан» партиясы өз филиалдары арқылы іздестіру жұмыстарын жүргізеді. Бізде тізім де, әрбір адамның наградалық парағы да бар. Соның бәрін туған-туыстарына тапсырып, жергілікті әкімшіліктерімен бірге олардың есімдерін есте қалдыруға атсалысамыз. Атын көшеге бере ме, мектепке бере ме, батырлардың есімдері ұмытылмауы тиіс» дейді Берік Әбдіғалиұлы.
Осы ретте Ресейдің Жеңістің 70 жылдығы тұсында «Подвиг народа» атты сайт ашып, Ұлы Отан соғысына қатысқан кеңес әскерлерінің толық дерегін жинауға деген ұмтылысы еске түседі. Осы сайт арқылы бұрынғы КСРО бойынша миллиондаған адамның соғыс кезінде жасаған ерлігі мен олардың өмірбаяндық мәліметі жинақталды. Тап осындай мәліметтер базасын Қазақстан бойынша да жасау қажет.
Бұл – жас ұрпақ үшін керек. «Соғыс» деген сұмдық сойқанның бұлты қайта үйірілмесін. Қазақтың көрген қасіреті аз емес. Өткеннен сабақ алу еш уақытта кеш болмайды.
Нұртөре ЖҮСІП,