Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін.
Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында» деп жазды.
Адамдардың бәсекелік қабілеті қай кезде артады? Бүгінгі қазақ баласы Елбасының көрсетіп берген бағыт-бағдарына неге жаппай жұмыла алмай отыр? Осының себебін іздеп көрдік пе?
Ой дегенің – көк дөнен: осы сауалға жауап іздеп ары-бері шапқылайды, санаңды сансыратып сандалтады; көкейіңді тілгілеп, жанға маза бермейді; мардымды бірдеңе тапқандай боласың, лезде оның да тұғыры тілге тірек бола алмай қалады; ары ойлап, бері ойлап біздің бәсекелік қабілетіміздің тұсаулы бір тұсы «осы біздің өкпешілдігімізде жатқан жоқ па екен?» деген ойға табан тірейді.
Он төртінші қарасөзінде Абай атамыз «Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды. Амалдың тілін алса, жүрек ұмыт қалады. Біздің қазақтың «жүректісі» мақтауға сыймайды. Айтқанға көнгіш, уағдада тұрғыш, бойын жаманшылықтан тез жиып алғыш, көштің соңынан итше ере бермей, адасқан көптен атының басын бұрып алуға жараған, әділетті ақыл мойындаған нәрсені, қиын да болса, мойындау, әділетті ақыл мойындамаған нәрсені, оңай да болса, мойындамау – ерлік, батырлық осы болмаса, қазақтың айтқан батыры – әншейін жүректі емес, қасқыр жүректі деген сөз» деп тұжырыпты.
Неге екенін қайдам, біздің қазақ жоқ жерден өкпелегіш, бар жерден базынашыл, пенделік күйкі тірліктің тек көлеңке тұсын паналағыш, біреу алға озып бара жатса, екіншісі етектен тартқыш, байыбына бармай жатып байбалам салғыш, біреуі жығылса, жүзі күлгіш, қайда қарасаң да кілең білгіш келеді.
Анадан туғанда қолына өкпесін ұстап туғандай ренжігіш, сол ренжігіштің арты «алдыңа келсе, атаңның құнын кешетін» кеңшілдікке емес, жүрек жібімес кекшілдікке, қатыгез қарымташылдыққа, балталы барымташылыққа ұласып кете беретіні несі?!
Озық елдердің қатарына қосылып, олжа салудың орнына орынсыз опыну, қарадай жауығу, өлгенше өкпелесу, талғанша тепкілесу жұрттың ғадетіне айналып бара жатқандай…
Өкпе-реніштен арылудың жолы бар ма? Бар екен! Жақында ғана Атырау қаласында «Амал», жалпақ ұғыммен айтқанда «Көрісу» күні өтті. Еліміздің батыс аймақтарында ежелден аталып келе жатқан осы дәстүрлі мерекенің маған ұнаған жері – «Көрісу» кешірім атты шапағатты шараға тұнып тұр екен. Әр әулет үлкен үйге жиналады, бар ағайын бір-бірімен көріседі; алқалы жиында ағайын арасындағы араздыққа тоқтам, өкпе-ренішке кешірім жасалады. Болды! Енді ешкім келген жыл бойына көңілінде дық, жүрегінде сыз, миында мұз сақтамайды. Қандай жақсы амал!
Осы «Амал» немесе «Көрісу» мерекесін жалпыұлттық сипатқа көшіру керек! Мұны аталған батыс өңірде ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша атап өткен абзал. Бірімен-бірі ит пен мысықтай ырылдасып, айтысып, тартысып, айқасып, арпалысып өмір сүріп жатқан қанша ағайынның өкпе-ренішін ілезде тарқату үшін де Құдай – Тағала арнайы бір күнді белгілеп те қойыпты. Бұдан артық не керек?
Осыдан бірер жыл бұрын ел алдында беткеұстар ағаларымызды «Самарқанның көк тасы да еріді, сіз өзіңізбен ұстасып, айтысып-тартысып жүрген азаматты кешірер ме едіңіз?» деп сауалнамаға тартқанбыз. Сонда барлығы да бір ауыздан «өлсем де кешірмеймін» деген сөз айтқан…
Өлгенше өкпе-реніш арқалап жүру кімге жеңіл? Болар елдің баласы болмашыға неге араз, дүрдараз, күнде араз? Еріксіз ерін тістеп қалғанбыз…
Бір-бірімізге «болмасын» дегеннен ұлт ұта ма? «Болсын» дегенге бас ию соншалықты қиын ба?! Ұлтымыздың бәсекеге қабілеттілігі бойымызда өкпе-реніш, қанымызда қатқан кек тұрғанда қалай артады? Рахым нұрынан неге үркеміз? «Әділетті ақыл мойындаған нәрсені» мойындамайтынымыз қалай?!
Нұртөре ЖҮСІП,
"Айқын" газеті