02 сәу, 2018 сағат 08:14

Нұртөре Жүсіп. Қайда, киберқалқан?

Жақында әлеуметтік желіде бір замандасымыз шырылдады да қалды. Сөйтсек, оның баспанаға қатысты барлық құжатын белгісіз біреу жасырын пайдаланған көрінеді. Анау байғұс шыр-пыры шығып ХҚКО-ға барады, олар анда сілтейді, мында сілтейді. Өзіне тиесілі ақпараттың қалай «қолды болғанын» біле алмай, шарасыз күй кешкен жанның жағдайын көргеннен кейін киберқауіпсіздік дейтін мәселені күн тәртібіне шығаруға тура келеді.

«Киберқауіпсіздік» деген термин бар. Осыдан туын­дайтын ұғымдар тағы бар: киберкеңістік, ки­берқорғау, кибератака, кибершабуыл, киберқалқан дегендей. Алайда бұл ұғымның халықаралық деңгейде көпшілік мойындаған бірыңғай заңды анықтамасы жоқ.

БҰҰ деңгейінде Халықаралық электр байланыс ода­ғының (ХЭО) Ғаламдық киберқауіпсіздік бағдар­ламасы немесе «Киберқауіпсіздіктің ғаламдық мәде­ниетін қалыптастыру және аса маңызды ақпараттық инфрақұрылымдарды қорғау жөніндегі ұлттық күштерді бағалау» БҰҰ Бас ассамблеясының қарары секілді бірқатар құжаттар бар. Бұл құжаттарда үш нәрсе қатты ескерілген.
1. Жеке өмірге қолсұғылмаушылық.

2. Электрондық нысандағы ақпараттың құпия­лылығы, тұтастығы мен қолжетімділігі.

3.Интернетпен өзара іс-қимыл жасайтын аса маңызды ақпараттық-коммуникациялық инфрақұ­рылымды зиян келтіретін ықпалдан бағдарламалық-тех­никалық әдістермен қорғауды қамтамасыз ету мәсе­лелерінде ақпараттық-коммуникациялық тех­ноло­гияларды қауіпсіз пайдалану.

Дүниежүзінде киберқауіпсіздік мәселесі қалай қорғалған?

Норвегияда жаңа қызметтер мен құрылғыларды қолданушылардың құзыретіне өте жоғары талаптар қойылған. Ақпараттың, жүйелер мен желілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басты жауапкершілік меншік иесіне немесе операторға жүктеледі. Эсто­нияда ақпараттық жүйелердің қауіпсіздігіне басты назар аударылады. Финляндияда киберқауіпсіздікті финдік ақпараттық қоғамның дамуымен тығыз байланысты экономикалық сипаттағы проблема ре­тінде қабылдаған. Словакия ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді қоғамның қалыпты жұмыс істеуі мен дамуының қажетті шарты ретінде қарастырады. Чехияның киберқауіпсіздік стратегиясының негізгі мақсаттары ақпараттық-коммуникациялық жүйелерді ұшырауы мүмкін осалдықтардан қорғауды және жүйелерге жасалатын атакалардан келетін ықтимал зиянды азайтуды қамтиды.

Франция ақпараттық жүйелердің ақпараттың қолжетімділігіне, тұтастығына және құпиялылығына әсер етуі мүмкін оқиғаларға қарсы тұруға қабілетті бо­луына басты көңіл бөледі. Германияның стратегия­сы аса маңызды ақпараттық жүйелердің қауіпсіздігінің негізін қалайды. Мұнда кибершабуылдардың алдын алуға және оларды қылмыстық қудалауға, сондай-ақ кездейсоқ факторлардан туындайтын IT жабдықтың істен шығуына жол бермеуге бағдарланған. Нидер­ланды, бір жағынан, осы жүйелердегі ауыр бұзу­шылықтардан қауіптенгендіктен, қауіпсіз және сенімді ақпараттық-коммуникациялық жүйелерге ұмтылады, екінші жағынан, интернет-кеңістіктің еркін және ашық болу қажеттілігін мойындайды. Ұлыбританияның тәсілі киберқауіпсіздікті дамытуға бағытталған. Біріккен Корольдіктің мақсаты – ақпараттық-телекоммуникациялық технологиялар саласындағы инновациялар, инвестициялар және сервистердің сапасы бойынша бірінші орынға шығу және сол арқылы киберкеңістіктің барлық артық­шылығы мен игілігін толық көлемде пайдалану.

Қазақстанда 2010 жылдан бастап, 2016 жылға дейінгі кезеңде интернетті пайдаланушылар қатары күрт өсті, ал мобильді интернетті пайдаланушылар саны 11-12 миллионға жетті. Интернет пайдала­нушылар санының жедел ұлғаюы киберқауіпсіздік мәселесін туындатады. Қазақстанда 2017 жылы 100 мыңға тарта кибершабуыл жасалғаны тіркелген. Демек, қорғаныс әлсіз. Жұрттың көпшілігі өздерінің дербес компьютерлерін, смартфондарын, планшет­терін қорғау үшін мамандандырылған бағдарламалық жасақтамаларды пайдаланбайды. Мұны хакерлер тиімді пайдалануда.

Мемлекеттік, сондай-ақ жекеменшік секторда ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі мамандардың жетіс­пеушілігі байқалады. Елдегі 93 жоғары оқу орнының ішінен тек қана 7-еуі «Ақпараттық қауіпсіздік жүйе­лері» мамандығы бойынша маман даярлайды. 2015-2016 жылдары 32439 студенттің ішінде мемлекеттік тапсырыс бойынша 226 адам ғана оқыған.

Заман алға кеткен сайын озық технологияның жақсы жағы да, жаман жағы да бар. Мемлекет тара­пынан киберқауіпсіздік мәселесіне қатысты арнайы тұжырымдама қабылданғанымен, «троян-шифро­вальшиктер» бір сәт те қалғымайды. Осы да естен шықпаса дейміз.

Нұртөре ЖҮСІП,

"Айқын" газеті