Сенатор Нұртөре Жүсіп мамандар тапшылығынан зардап шегіп отырған балалар кардиохирургиясы саласына қатысты шешімін таппаған бірқатар өзекті мәселені көтерді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Депутаттың айтуынша, жүрек реанимациясы мен қарқынды терапия бөліміндегі науқастарда дәрі-дәрмектер, атап айтқанда қосымша антибиотиктер, иммундық және басқа дәрілер, сондай-ақ қымбат МРТ аппараттары жетіспейді.
«Қазіргі уақытта 7 қаладағы кардиохирургиялық 10 орталықта балалардың жүрек ақауына операция жасау мүмкіндігі бар. 2020 жылы 18 жасқа дейінгі балалар арасында ашық жүрекке - 1627, оның ішінде 1 жасқа дейінгі - 1128 балаға, 271 нәрестеге операция жасалған. Операция жасау барысында хирургтер көп жағдайда шұғыл шешім қабылдайды. Ал бұл – үлкен жауапкершілік. Жалақысы төмен, жауапкершілігі жоғары болған соң жас кардиохирургтер бұл мамандық бойынша тұрақтап істемейді», - деді Нұртөре Жүсіп Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында.
Сенатор елімізде балалар аритмологтары, балалар кардиохирургі, перфузиолог мамандарының жетіспейтінін атап өтті. Ол осы мамандықтардың мәртебесін, сонымен бірге жалақысын көтеру қажет деп отыр.
Депутаттың сөзіне қарағанда, кепілдендірілген медициналық көмек аясында көрсетілетін қызметтерге тарифтік саясатты қайта қарау маңызды.
Нұртөре Жүсіп жетіспей отырған медициналық кадрларды даярлау мәселелерін жедел шешу, халықаралық мастер-кластар өткізу және озық елдердің тәжірибесінен сабақ алу қажет деп қосты. Материалдық-техникалық базаны нығайту және клиникаларды қамтамасыз ету, логистиканы жақсарту және диагностика мен емдеудің клиникалық практикасына заманауи медициналық технологияларды енгізуді жеделдету маңызды.