15 шіл, 2021 сағат 16:17

«NurOtan» партиясынан басқалары сайлауға белсенді қатысудан шегіншектеп тұр - саясаттанушы



Жақын күндері ауылдық округтер, ауылдар мен кенттер әкімін тікелей сайлау басталады. Маңызды саяси оқиға қарсаңында саясаттанушы, Е. А. Бөкетов атындағы ҚарУ «Саясаттану және әлеуметтану» кафедрасының аға оқытушысы Елдос Жұмағұлов пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Ауыл әкімдеріне үміткерлерді тіркеу аяқталып, кеше 18.00 бастап үгіт-насихат жұмысы басталып кетті.

Бұл сайлаудың орны бөлек. Парлментке немесе мәслихатқа сайланатын депутаттарға қарағанда ауыл әкімін сайлаудың өзіндік ерекшеліктері бар. Депутат пен әкім қызметі - жауапкершіліктің екі түрлі деңгейі. Депутат сайлаушы алдындағы жауапкершілікті ұжыммен бірге бөліссе, ауыл әкімінің жұмысы тұрғындардың көз алдында. Оның барлық жұмысына тікелей баға беруге болады. Жол, су мен электр жарығы және жайылымынан қамтамасыз етуден бастап басқа да көптеген ауылдың күйбің тірлігін  шешу әкімнің шаруаға пысық болуын талап етеді. Ол кабинетте, жұмсақ креслода тыныш отыра алмайды. Халық оны отырғызбайды да.

Әкімдікке үміткерлер өзін-өзі ұсынатындармен бірге партиялар тарапынан да ұсынылатынын білеміз. 10 шілдедегі мәліметтер бойынша 730 орынға 2500 дей үміткер тіркелген. Соның 1600 жуығы өзін-өзі ұсынғандар, ал 869 партиялар ұсынған. 

Саяси партиялардың ішінде ең көп үміткерді: 
- «NurOtan» партиясы ұсынды – 586 адам, 
- «Ауыл» - 104 адам, 
- ҚХП -70 адам, 
«ADAL» – 56 адам,  
«Ақжол» - 53 адам. 

Айта кету керек, ЖСДП партиясы бірде-бір үміткерді ұсынған жоқ. Бұл мәліметтер алдын ала. Ақпарат жаңара түседі, дегенімен бұл сайлауда тағы да барлық партиялардың белсенді емес екенін байқаймыз», - деді ол.



Оның пікірінше, партиялар ауылға бет бұруы тиіс.

«Жалпы 4 жылдың ішінде 2300 ден астам ауыл әкімі сайланатынын ескерсек, партиялар жергілікті халықпен жұмыс істеудің жақсы мүмкіндігі туындап отыр. Басқаша айтқанда партиялар ауылға бет бұруы тиіс. Егер үміткер партия атынан сайланса, ол ауылдағы немесе кенттегі партияның бетке ұстар тұлғасына айналады. Тұрғындар әкімнің жұмысын партияның беделімен байланыстыратыны сөзсіз. Келесі парламент сайлауында сайлаушы партияға осы әкімдердің жұмысы арқылы баға береді. Осындай жауапкершілікті сезіне отырып «NurOtan» партиясынан басқалары бұл сайлауға белсенді қатысудан шегіншектеп тұр. Цифрлар осылай сөйлейді. Өкінішті әрине. 

«NurOtan» саяси технологтары елдегі жалғыз жауапты партиямыз деп тағы жария салатын болды. Жетекші партия үміткерлер ұсыну бойынша сайлау округтерінің 80% астамын қамтып отыр.  Жетекші партияның амбициясы күшті. Бауыржан Байбек өз постында «Партия бұл сайлауға барынша дайын. Қоғамдық саясат институты жүргізген зерттеулерді, партияның қоғамдық қабылдау бөлмелерінің деректерін талдауды және жергілікті жерлердегі қоғамдық-саяси ахуалды мониторингтеу нәтижелерін ескере отырып, біз сайлау округтерінің 80%-ын жеңуді көздеп отырмыз», - деп атап өтті. Партия ұсынған 586 үміткердің әлеуметік бейнесіне үңілетін болсақ, оның 36 %-нан астамы жаңа тұлғалар.  Үміткерлердің орташа жасы - 46 жас. Әйелдер өкілдері – 11%, 35 жасқа дейінгі жастар – 14%.

Партия өз кандидаттарын ұсына отырып, бірінші буын әкімдердің ел Президенті ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында халықпен өзара әрекеттестігінің жаңа мәдениетін қалыптастыра отырып, заманауи тәсілдерді ендіруде. «NurOtan» өз төрағасы Н.Назарбаевтың «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» атты партияны жүйелі қайта жандандыру бағдарламасы аясында аймақтық партия аппаратты жаңартып, жаңа үміткерлерге де арқа сүйеп отыр. Партия өкілдерінің айтуы бойынша, партияның мақсаты жеңіс қана емес, ең бастысы ауылдардың дамуына жүйелі жағдай жасау. 

Алдағы он күндікте ауыл, кент, аудандық маңыздағы қала әкімдеріне үміткерлердің насихат жұмысын байқайтын боламыз. Бұл жалпы үміткерлерге ғана емес, партияларға да, жалпы қоғам үшін де жаңа саяси тәжірибе болмақ. Үміткерлерге сайлауға дейін де, сайланып әкім болғаннан кейін де тер төгіп жұмыс істеу керек. Ауыл тұрғындарының саяси мәдениеті қазір өсіп келеді. Оларды құр сөзбен алдай алмайсың. Оларға нақты істің адамы қажет. Ауылда көп тұрғын тұрмайтынын ескерсек, сайлау нәтижелерін де тексеру де қиын емес. Ауыл әкімін ауыл жиналысына салып қажет болса сілкілеп алулары да мүмкін. 

Бұл сайлау халықтың белсенділігін оятып билікті мемлекет емес өздері қалыптастыратына сенім береді. Әрине бұл сайлауда айтыс-тартыс болуы мүмкін. Көңілі толмайтындар да болады. Бұл заңдылық. Ең бастысы үміткерлер сайлау науқанында ұсынатын бағдарламалар, уәделерді ертең орындай алатына ең алдымен өздері сенімді болуы қажет. 4 жыл деген көп уақыт емес. Барлығы халықтың көз алдында. Сондықтан сайлауға түсетін үміткерлер жауапкершілік пен салмақты сезінеді деп ойлаймыз» - деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.