Нұрлан Қоянбаев әйгілі «Бизнес по-казахски» фильмінің төртінші бөлімін түсіруге кірісті.
2016 жылы басталып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген фильмді бұған дейін Алматы, Лос-Анджелес, Дубай қаласы мен Африка құрлығында түсірген болатын. Фильмнің төртінші бөлімін түсіру жұмыстары Оңтүстік Кореяның астанасы Сеул қаласында өтеді деп жоспарлануда.
Осыған орай фильм авторы Нұрлан Қоянбаев өзінің Instagram парақшасында «Кейіпкерлерге арнап ең қызықты эпизод ойлап тапқан 4 адам түсірілім тобымен бірге Сеулге аттанады» деген байқау жариялады. Бүгінгі күні оқырмандардан 4 мыңнан аса әзіл түсіп үлгерді.
Фильмнің түсірілімі Алматы қаласында басталады. Шығармашылық топ 10 күнді осы жерде өткізіп, одан соң жалғасын түсіру мақсатында Оңтүстік Кореяға аттанады. Картина үлкен экранға желтоқсан айында жол тартады.
«Дәстүрді бұзбай, фильмді әдеттегідей Жаңа жыл қарсаңында экранға шығарамыз. Бір ай бойы Алматы мен Сеулде тынбай жұмыс істеп, қалған уақытты постпродакшнға арнаймыз. Жаңа бөлімде сценаристер фильмнің алғашқы бөліктеріндегі ең ұтымды сәттерді сақтап қалуға тырысты. Көрерменге бұрынғыдай ізгілікке, адамгершілікке, жылы әзілге толы туынды ұсынамыз деп уәде береміз», - дейді Нұрлан Қоянбаев.
«Бизнес по-казахски в Корее» фильмінің сюжеті арқылы фильм авторлары Оңтүстік Кореяның бүгінгі келбетін, кәріс жастарының өмірін, «к-pop» стилін кеңінен ашып көрсеткісі келеді. Фильмде басты рөлдердің бірін әдеттегідей Гүлназ Жоланова сомдайды. Гүлназ бұған дейінгі үш бөлімде бас кейіпкердің жұбайының рөлі арқылы көрерменге жақсы таныс.
Фильмнің желісі бойынша отбасылық қонақ үйде халықаралық конференция өтуге тиіс. Бас кейіпкер Жомарт келген қонақтарға жаңа техниканы таныстырмақшы. Осы мақсатпен ол қонақ үйді жоғары технологиялы тұрмыстық техникамен жабдықтауға көшеді. Алайда швейцар Бақдәулет аңдаусызда клиенттің бағалы құрылғысын сындырып алады. Ал ол тек қана Сеул қаласында жөнделетін болғандықтан, кейіпкерлерге Оңтүстік Кореяға аттануға тура келеді. Бұған дейінгі 3 бөлімде де Жомарттың бизнесмен ретінде қалыптасу жолы суреттелсе, төртінші бөлімде ол аяғын нық басқан кәсіпкер, тұлға ретінде сомдалады.
«Жаңа ел жайында ұзақ ойландық. Алғашында Еуропаны, Австралияны болмаса Ресейді көздедік. Бірақ әлеуметтік желіде жүргізген сауалнама нәтижесінде Сеулде түсіретін болып шештік. Оңтүстік Кореямен келіссөз ұзақ жүрді. Сеул қаласының тыныс-тіршілігін сезіну үшін былтыр да, биыл да ол жаққа ұшып бардық. Мәдениетімен, халқының өмірімен танысып, локация таңдадық», - дейді бас продюсер.
2018 жылы көпшілікке ұсынылған «Бизнес по-казахски в Африке» фильмін кинотеатрлардан 800 мыңнан астам көрермен тамашалаған болатын. Жаңа 4-ші бөлімнің бюджеті шамамен жарты миллион долларды құрайды деп жоспарлануда.
Фильмде рөлдерді Жан Байжанбаев, Дариға Бадықова, Гүлназ Жоланова, Нұрлан Қоянбаев, Рамазан Амантай, Қажет Смағұл, Дильназ Ахмадиева, Қайрат Құдайберген және тағы басқа актерлар сомдайды.