10 сәу, 2017 сағат 09:14

Нұрлан Ермекбаев: Шетелдегі шейхтардан "сигнал" келсе, олар халыққа қарсы шығады

Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев "Астана" арнасына сұхбат беріп, елдегі діни ахуал төңірегінде сөз қозғады.

"Мемлекет басшысы дін саласында орын алып отырған мәселелерді шешудің пәрменді жолын табуды тапсырды. Заңнамалық өзгерістерге келер болсақ, ең алдымен мемлекеттің дін саласына көзқарасының жүйесін қалыптастыру керек деп есептейміз. Осыған байланысты ең алдымен министрлік сол мемлекеттік дін саласындағы саясаттың тұжырымдамасын әзірледі. Бұл тұжырымдама көптеген сарапшылар мен дінтанушылардың ой-пікірлерін, ұсыныстарын ескеріп, кең талқылаудан өтті. Қазір тұжырымдама дайын, жақын арада үкіметтің талқылауынан өтіп, бекітілетін болады деп үміттенеміз. Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың тұжырымдамасы болашақ заңдарға өзгертулер негізі болады", - дейді Нұрлан мырза.

Бұл ретте елде дәстүрлі емес діни ағымдардың таралуына байланысты туындаған бірқатар проблемалаларға тоқталды.

"Қазір біз деструктивті ағым деп кез келген радикалды фанатизмге негізделген, Қазақстанға жат жат діни ағымдарды айтып отырмыз. Бірақ олардың ішінде қазіргі таңда ең өзекті - ол салафизм деген радикалды ағым. Деструктивті діни ағым, мысал үшін салафизм болсын, олар қателік діни түсініктерді біздің тарихи дәстүрлерімізден, мәдениетімізден, біздің халқымыздың көп этносты, конфессиялық сипатынан жоғары қояды. Олар тек шариғатқа, баяғы ежелгі діни талаптарға негізделген мемлекеттің құрылысын дұрыс жүйе деп есептейді. Мұндай шетін идеялар сан ғасырлық тарихымызға, сан ғасырлық мәдениетімізге қайшы келетіні сөзсіз. Шетелдерден белгілі бір шейхтерден сигнал келсе, ол кез келген уақытта қолға қару алып, өз жерлестеріне, үкіметке, мемлекетке қарсы шыға алады. Сондықтан оларға сенім деген жоқ. Министрлік мемлекеттік құзырлы органдармен бірлесіп, заңсыз уағыз жүргізіп, заңыз әдебиет таратып, заңсыз діни жиындарға жол бермеу бағытында кешенді жұмыстар атқарылып келеді", - деді министр.

Сондай-ақ, жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталып, министрліктің алдағы бағыт-бағдары турасында айтып берді.

"Екі бағытта жұмыс жүргізіліп келеді. Дін саласына қатысты дұрыс сипаттағы білім беру. Экстремистік идеологияны жақтырмайтын көзқарас қалыптастыру. Екінші бағыт - ол мақсатты реабилитациялау. Ол ең алдымен экстремизм үшін сотталған жазасын өтеуші мен олардың отбасы мүшелерімен жұмыс жүргізу. 2016 жылдың ішінде 70 адам бұрынғы қателік діни көзқарастан, діни райынан қайтты. 150 адам қателік діни сенімге күмәнданды", - деді ол.

Нұрлан Ермекбаев шет елде діни білім алуға кеткен жастар хақында да өз ойын ортаға салды.

"Шетелде жекелеген діни білім беру оқу орындарына кеткен, өз беттерімен кеткен жастардың радикалды діни ағымның ықпалына түсуі әбден мүмкін. Шетелдердегі түрлі діни білім беру иелері солар арқылы қоғамды басқаруды қалайды. Сондықтан біздің ұсынысымыз, жастар егер шетелге діни білім алуға барғылары келсе, олар алдымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасындағылармен ақылдасып, жолдама алып, шетелге барса болар еді. Егер өз беттерімен шетелге барып білім алса, ҚМДБ оларды жұмысқа қабылдамайды", дейді бұл ретте.