Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Алакөл бағытындағы теміржол бағыттарының тізімін бекітті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Биыл жазда Алматы мен Нұр-Сұлтанды «Достық» стансасымен жалғайтын жаңа пойыз жолға шығады. Бұл туралы ҚР ИИДМ Көлік комитетінің төрағасы Самат Ғылымов ведомствоның Telegram-каналында айтты.
«Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларынан Алакөлге қатынайтын пойыздар мен тіркеме вагондардың санын арттыру бойынша мақсатты түрде жұмыс жүргізіп отыр.
17 маусымнан бастап халықтың сұранысын қанағаттандыру үшін аптасына үш рет «Алматы-Достық» пойызы қатынай бастайды.
Сондай-ақ, жаз мезгілінде Нұр-Сұлтан–Достық пойызы жолға шығарылады», - дейді комитет төрағасы.
Министрлік бекіткен Алакөлге қатынайтын теміржол бағыттарының тізімі мынадай:
1. № 453/454 «Алматы-2–Достық», жаз бойы, аптасына 3 рет;
2. «Қызылорда–Семей» бағытындағы №21/22 пойыз құрамында «Алматы–Достық» рейсі, жаз маусымында, күн сайын 8 тіркемелі вагон жүреді;
3. № 258/257 «Нұр-Сұлтан–Достық», жаз бойы, аптасына 2 рет;
4. № 54/53 «Нұр-Сұлтан–Достық», аптасына 2 рет;
5. №121/122 «Нұр-Сұлтан–Семей», жаз бойы, күн сайын 6 тіркемелі вагон;
6. «Алматы–Достық» қатынасындағы жаңа жолаушылар пойызы (10 вагон), 2021 жылдың маусымынан бастап аптасына 3 рет.
Еске салайық, биылғы жазда астанадан Алакөлге аптасына 3 рет пойыз жүретіні туралы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен жиында айтылған болатын.
Сондай-ақ бұған дейін хабарлағанымыздай, Үржар ауылындағы әуежайда күрделі жөндеу жүретіндіктен, Алакөлдің Шығыс Қазақстандағы бөлігіне қатынайтын теміржол және автобус рейстерінің саны арттырылады.