02 мау, 2017 сағат 17:06

«Нұр Отан» партиясында денсаулық сақтау саласының басым бағыттары талқыланды

«Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында партия Төрағасының Бірінші орынбасарының жетекшілігімен «2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру туралы» партиялық тыңдау өтті. Онда Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов аталған бағдарлама бойынша қолға алынған бастамалар, 2016 жылы атқарылған жұмыстар және алдағы бағыт-бағдар жайында баяндама жасады.

Сондай-ақ, шараға қатысқан Парламент Мәжілісінің депутаттары халық денсаулығын жақсарту мәселесіне қатысты өздерін алаңдатқан сауалдарын жолдап, тиісті мамандардан жауап алды.

Партияның сайлауалды бағдарламасында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердің ең үздік стандарттарын еліміздің денсаулық сақтау жүйесіне енгізуге арналған тапсырмалар нақты көрсетілген. Соларды жүзеге асыру арқылы 2021 жылға қарай қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын 73 жасқа көтеру, ал өлім деңгейін 10 пайызға төмендету көзделген.

Жалпы 2016 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесі көңіл қуантатынын айтқан Е.Біртанов өмір сүру ұзақтығы, халық денсаулығының индексі, тұрғындардың медициналық көмек сапасына қанағат деңгейі бойынша оң өзгерістер тіркелгенін жеткізді. Сондай-ақ партиялық тыңдау барысында «Денсаулық» бағдарламасын жүзеге асыруда 34 көрсеткіштің 30-дан астамы орындалғаны айтылды.

Сонымен қатар, іс-шара барысында Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы сайлауалды бағдарламасының «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша кураторы Зәуреш Аманжолова мен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының төрайымы Елена Бахмутова баяндама жасап, атқарылған жұмыстар жайында нақты деректер келтірді.

«Дені саудың жаны сау» деп, халқымыз дені сау ұлт қана биік белестерді бағындыратынын білген. Еліміздің бәсекеге қабілетті, дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін де ұлт денсаулығының орны ерекше. Сондықтан Мемлекет басшысы үнемі бұл саланы жіті назарында ұстап, «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын қолға алды. Ал оның жүзеге асырылуын «Нұр Отан» партиясының өз бақылауына алуы көңіл қуантады.