21 ақп, 2021 сағат 20:31

Нигерияда әскери ұшақ апатқа ұшырады

Бүгін Нигерия астанасы Абуджи қаласының әуежайы маңында барлаушы ұшақ апатқа ұшырап, 7 адам қаза тапты, деп хабарлайды BBC агенттігі.

«Өкінішке орай бортта болған барлық 7 әскери қызметші қаза тапты», - делінген Нигерия әскери-әуе күштерінің Twitter парақшасында жарияланған ақпаратта.

Бұған дейін, Nigerian Tribune газеті алты адамның қаза тапқандығын хабарлаған болатын. 

Нигерия Әскери-әуе күштерінің Beechcraft King Air 350i турбиналы-винтті екі қозғалтқышты ұшағы Абуджи халықаралық әуежайынан ұшып шыққан кезде апатқа ұшыраған болатын. Ұшақ Нигер штатындағы Минна қаласына бет алған еді. Нигерия Авиация министрі Хади Сириктің айтуынша, ұшақтың екі қозғалтқышының бірі істен шыққан. 

Нигерияның Vanguard газеті оқиға куәгерлерінің сөзін келтіреді. Куәгерлердің айтуынша, ұшқыш ұшақты тұрғын үй алаптарынан бұрып әкетіп, жазық далаға құлаған және толықтай жанып кеткен.