18 наурызда Голландияның Утрехт қаласында белгісіз біреу трамвай ішінде оқ жаудырған. Полицияның дерегінше, бір адам қаза тауып, бірнеше адам жараланған. Шабуыл жасаған адам әлі ұсталған жоқ.
Оқиға жергілікті уақыт бойынша 10.45-те (Астана уақытымен - 15.45) oktoberplein 24 трамвай аялдамасында болған. Полиция "оқиға теракт болуы мүмкін" деп күдіктенеді. Бірақ ел билігі әлі ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
«Оқиға Утрехт қаласындағы Октоберплейн 24 мекенжайында болды. Бұл туралы 10:45-те хабарланды. Бір адам қаза тауып, бірнеше адам жараланған. Оқиға болған аумақ қоршауға алынды, қазір тергеу жүріп жатыр», - деп хабарлады полиция Туиттерде.
NOS агенттігінің хабарлауынша, құрбандардың нақты саны әзірге белгісіз.
Нидерландының қауіпсіздік және терроризмге қарсы күрес агенттігі де тергеуге тартылды. Утрехт провинциясында террористік қауіптілік деңгейі 5-ке дейін көтерілді.
Оқиға орнанда қарулы полицейлер бар. Санитарлық авиация қызметі атыс болған жерге үш тікұшақ жіберді.
«Куәгерлердің айтуынша, ер адам қаруын шығарып, бәріне оқ жаудырған. Кейін оқиға орнынан кетіп қалған», - деп хабарлады полицияда. Олар Renault Clio қызыл түсті көлікті іздеп жатыр.
Жергілікті БАҚ полицияның әзірге ешкімді тұтқындамағанын хабарлады.
Айта кетейік, Утрехт қаласы - Амстердамнан оңтүстік-шығысқа қарай 40 шақырым жерде орналасқан Нидерландыдағы ауқымы бойынша төртінші қала.