Бейсенбі күні Нидерландыда адамның бетін жауып тұратын киімді киюге тыйым салатын заң шықты, деп хабарлайды NL Times агенттігі.
Бүгіннен бастап мемлекеттік мекемелерде, оқу ғимараттарында, денсаулық сақтау мекемелері мен қоғамдық көліктерде бет-әлпетті жауып тұратын киім киюге болмайды.
Паранжа мен никабқа ғана емес, сондай-ақ, бетті түгелдей жауып тұратын мотоцикл шлемдері мен балаклаваға тыйым салынды. Егер азамат заң талабына сәйкес бетін ашудан бас тартатын болса, оған көрсетілген қоғамдық орындарға кіруге тыйым салынуы немесе 150 евро көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.
Көшеде әлі де болса мұндай киімді киіп жүруге болады, алайда полиция тұлғаның түр-сипатының сәйкестігін тексеру үшін бетін ашуын сұрауы мүмкін.
Паранжаға тыйым салу туралы алғашқы заң жобасы нидерланды парламентіне 14 жыл бұрын енген еді, алайда кемсітушілік сипатқа ие болғандықтан, қолдау тапқан жоқ.
Адамның бетін тұтастай жауып тұратын киімге тыйым салу туралы қазіргі заңды өткен жылдың маусым айында голландиялық парламентарий қолдаған болатын. Сол уақыттан бері бұл заңды іске қосу тәсілі ұзақ уақыт талқыланған еді.