ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Нидерланды Корольдігінің Төтенше және Өкілетті Елшісі Дирк Ян Коппен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында тараптар ауыл шаруашылығы өнімдері тауарларының айналымы, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және қайта өңдеу саласындағы бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, Алматы облысында картоп фриін шығаратын зауыт құрылысы мен Павлодар облысында нидерландиялық Lely компаниясымен бірлескен демонстрациялық сүт фермасын құру жобалары қарастырылды.
Айта кетейік, Нидерланды Қазақстанның экономика және ауыл шаруашылығы саласындағы маңызды серіктесі саналады. 2018 жылы Қазақстанның Нидерландымен агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің тауар айналымы 68,1 млн долларды құрады. Бұл ретте экспорт көлемі 2017 жылмен салыстырғанда 2 есе артып, 10,1 млн доллардан 22,2 млн долларға жетіп отыр.