Азаттық таңы күліп атқан 27 жыл тарих үшін мұхиттың тамшысы сынды, ал сәт сайын құбылып жатқан мына заман үшін бұл едәуір уақыт. Осындай уақыт аралығында не нәрсе жасауға болады? Өзгелер не жасай алды? Заманның заңғар жаузшысы Ғ.Мүсірепов айтқандай: «Өткенді білмей, келешекті білу мүмкін емес. Бұрынғының парқын білгендер, бүгінгінің нарқын біледі». Қазіргіні сарапқа салу үшін өткенге көз жүгіртіп, тарихта қашалған қателік пен жетістіктен сабақ алып өсеріміз хақ. Ендеше, мәселені арыдан қозғайық.
ХХ ғасырға дамыған мемлекеттердің көшін бастап кірген елдердің бірі Германияның бірінші дүниежүзлік соғыстан кейінгі жағдайы адам айтқызысыз күйде еді. Жерінің 13,5%-ынан, дәлірек айтқанда халқының 10%-ы қоныстанған, чугун өндіретін 20%, мыс руда өндіретін 75%, көмір өндіретін 20% жерінен айырылып қалған болатын. Сондай-ақ жеңген елдерді көмір, құрылыс материалдары, химикаттармен қамтамасыз етуге міндеттелді. Дәл ол уақытта қиын-қыстау кезеңнің қазанында қайнаған, сұрқай тірлікті бастан кешкен одан өткен адам аярлық мемлекет болмаған еді. Тіпті, осындай «сүлдерін» сүйреткен ел елпі-селпі тірліктің торын бұзып, 21 жылдан кейін екінші дүниежүзілік соғыс бастайды деген ой өзгелердің үш ұйықтаса түсіне кірмесе керек. Олардың осындай экономикалық кризисте отырып, «көк есектің құйрығының» деңгейінен бой асыра алмайтын аяқ асты аласалықтан әлемді аузына қаратқан, дегенін жүргізіп, айтқанын өткізгісі келетін биіктікке ұмтылған жанкештілігіне қайран қалмау мүмкін емес. Әлихан Бөкейханов «Қазақ» газетінің 1915 жылы 106-санында жарық көрген «Неміс мәдениеті» атты мақаласында: «Бүйтіп ілгері мәдениет жолында желіп-жортып кеткен жұртты бұл күнге шейін тарих білген емес», - деп жазады. Германияны экономикалық құлдыраудың тереңінен суырып алып, аяғын тіктеткізіп, ілгері дамытқан қандай құдірет? Амангелді Айталы өзінің «Ұлттану» атты еңбегінде неміс-герман патриотизмінің он өсиетіне айрықша тоқталады. Тақырыпты тереңірек түсіну үшін сол өсиеттермен бөліскенді жөн көрдік.
- «Тіпті ұсақ-түйек шығын шығарғанда да Отанның және ел азаматтарының мүдделерімен есептес.
- Шет елдің бір теңгеге тұратын тауарын сатып алғанда өз еліңе бір теңге зиян келтіретініңді ұмытпа.
- Сенің ақшаң тек неміс саудагерлері мен жұмысшыларына пайда әкелуі керек.
- Шет елден келген машина мен құрал-саймандарды қолданып, неміс жерін, неміс шаңырағын, неміс шеберханасын қорлама.
- Дастарқаныңа шет елдің етін, майын, т.б. қойма, себебі ол неміс ет өндірісі мен мал шаруашылығына зиян келтіреді.
- Әр уақытта неміс қағазына неміс сиясын малып, неміс қаламымен жаз да, неміс сорғышымен сорғыз.
- Неміс игілігіне тек немістің ұны, немістің жемісі, немістің еті жарайды.
- Тек қана неміс матасынан тігілген сырт киім мен неміс қолынан шыққан бас киімдерді ки.
- Егер сен неміс кофесін ішкің келмесе, Германияның отар елдерінен әкелінген кофені іш. Балаларың мен әйеліңе де отар елдің какаосын ішіп, шоколадын жеуге әмір ет.
- Еш уақытта шет елдің тауарына қызықпа және есіңде сақта: Германия азаматының керегін тек Германия шығара алады».
Германияны екі дүниежүзілік соғыста төрт тарабын түгел байлаған тығырықтан, жан-жағын анталай қоршаған жауларына қарсы қару сілтейтін қайран таба алмаған аянышты хәлінен алып шыққан да осы өсиеттер еді. Алаш арыстарының да көмекейінде көлкіп тұрған осы сөз, ойларында осылай экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізу идеясы жатқан болатын. Әлихан Бөкейхановтың: «Қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекет азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі керек», - деген сөзі біздің пікірімізді қуаттайды. Демек, отандық өнімдерді пайдаланудың артында экономикалық тәуелсіздік, мемлекеттік прогресс жатыр екен. Қазіргі кезде шағын және орта бизнеспен айналысып, тірлігін дөңгелетуге тырысып жүрген жандардан көз сүрінеді. Статистика комитетінің 2018 жылғы шілде айындағы деректеріне сүйенсек, Қазақстанда 1 196 974 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Осы ретте кәсіпкерліктің басы-қасында жүрген, қолдарына осы саланың екі тізгін, бір шылбырын ұстаған азаматтар өз елімізде бар өнімдерді күллі Қазақстан халқы үшін қолжетімді етіп, шет елдерден импорттауды азайтса, экономикамыздың дамуына әрі өз ісін ілгерілетуге қосқан ауқымды үлес болары сөзсіз. Мәселен, Статистика комитетінің деректеріне сүйенсек, Ресейден бізге импортталатын ет өнімдері мен тағамдық өнімдердің үлестік салмағы 2360,8 тоннаны құрайды. Ал бағасы 3647,2 мың АҚШ доллары. Қазақстаннан Ресейге экспортталатын дәл осы өнімдердің үлестік салмағы 190,6 тонна ғана. Оның құны да сәйкесінше аз (264,1 АҚШ доллары). Жеті атасы мал шаруашылығымен айналысқан қазақ үшін ет деген таңсық дүние емес. Ендеше, неге осы өнімді Ресейден импорттауды азайтып, бұл кәсіпті өз ішімізде дөңгелетпеске?!
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы да «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында әлемдік брендтерді емес, отандық тауарларды таңдаудың қажеттігін баса айтқан болатын. Теңіздің тамшыдан құралатыны секілді бұған әр қазақтың азаматы үлес қосқанда ғана, мемлекетіміздің мерейі өсіп, ұлтымыздың ұшпаққа шығары сөзсіз.
Шынәділ Салтанат