29 сәу, 2021 сағат 21:10

Неміс компаниясы 12 жастан асқан балаларға арналған COVID-19 вакцинасын әзірлеп жатыр


«BioNTech» неміс биотехнологиялық компаниясының бас директоры Угур Шахин компанияның 12 жастан асқан балаларға арналған COVID-19 вакцинасын дайындаудың соңғы сатысында екенін хабарлады, деп жазады "Ұлт ақпарат".

Неміс бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында ғалым әзірленген вакцина биылғы жылдың маусым айында Еуропада 12-15 жас аралығындағы балаларға қолжетімді болатынын айтты. Қазіргі таңда Еуропалық дәрі-дәрмек агенттігінде препаратты мақұлдау туралы өтініш дайындалуда. 

Еуропа Одағының реттеуші органының бағалауы орта есеппен төрт-алты аптаға созылады дейді У. Шахин. 

Неміс ғалымдарының пікірінше, балаларды вакциналау ұжымдық иммунитетті алуда және COVID-19 пандемиясын тоқтатуда маңызды қадам ретінде қарастырылады.

Келесі оқу жылына дейін ересек балаларды вакциналау, балаларын үйде оқытудың қолайсыздығына тап болған ата-аналарға қысымды төмендетеді. 

«Балалардың қалыпты мектеп өміріне қайта оралуына және олардың отбасымен және достарымен кездесуіне мүмкіндік беру өте маңызды», – деді У.Шахин.

«BioNTech» биотехнологиялық компаниясы және оның серіктесі «Pfizer» Америка Құрама Штаттарында 12 жастан 15 жасқа дейінгі балаларға вакцинаға рұқсат алуға өтініш берді. 16 жастан асқан жасөспірімдер ересектерге арналған екі инъекциялық вакцинаны қабылдай алады.

2021 жылдың наурызында өндірушілер 12-15 жас аралығындағы балаларға арналған вакцинаның клиникалық сынақтарының соңғы кезеңі аурудың алдын алуда 100% тиімді екенін көрсетті. 

Ересектерге арналған Pfizer вакцинасының қазіргі нұсқасы минус 70 градус температурада сақталуы керек. Алайда Pfizer өткен аптада стандартты мұздатқышта сақтауға болатын «Comirnaty»-дің жаңа нұсқасын жоспарлап отырғанын айтты.