21 қаз, 2016 сағат 12:42

Назгүл Қожабекова: Оқырман – қоқыс ақтарып отыруға міндетті емес

Назгүл Қожабекова 1982 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. М. Дулатов атындағы №136 қазақ орта мектебін, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін «Әдеби шығармашылық» мамандығы бойынша тәмамдаған. Филология магистрі. Баспа ісі, деректі фильмдер шығару саласында жұмыс істеген. 2011 жылдан бері Интерньюс қызметкері. Телебағдарлама, онлайн-ресурстар әрі веб-жобалар редакторы, медиатренер.

– Назгүл, сен көптен бері әлеуметтік желі бетінде қазіргі қазақ сайттарының тақырыпты дұрыс қоя білмейтіндігімен қатар сауатсыздықтарын да беттеріне қатты басып айтып, сынап жүрсің. Жалпы, бізге осы сауатсыздық нәубеті қайдан келді деп ойлайсың? Оның түп салдары неден шықты? Сауаттылық дегеннің не екенін жеке түсіндіре кетсең де артық болмас еді?

– Бетіне басып дегеннен шығады ғой. «Қате тергіш» деген жақсы ат емес болып кетті ғой қазір. Қате көрсем, оны біреудің бетіне басу емес, өзгелер олай жазбасын деген мақсатпен айтамын ғой. Әйтпесе, сол журналистердің көбін танымаймын да. Танитындарыма да, жақсы араласып жүргендеріме де айтамын. Көп жұрт мұны «тиісу» деп қабылдайды. Тиісу емес, жұртта нем бар. Тек, ішің ашиды да...

Қазіргі таңдағы сауатсыздықтың себебі біреу ғана – жұрт не мектепте, не жоғары оқу орнында қазақ тілі мен қазақ әдебиетін оқымаған. Өмірінде үш кітап оқыған адам журналист болып жүрген жағдайлар бар. Иә, бәлкім ол шындықты шырылдатып айтатын мықты журналист шығар. Бірақ, оқырман ең алдымен загты, сосын лидті, сосын барып мақаланы оқиды. Заг (тақырып атауы) – сурет болуы керек. Мақала мазмұнының жарты жүгін арқалап тұрады. Ал «Дәретхана депутаттың жағасын ұстатты» дегенде қандай суретті көрсе, оқырман мақаладан да сондай суретті іздейді.

Сауаттылық – интуитив деңгейде болуы тиіс деп ойлаймын. Сауаттылық деген оқып, жаза алатын адамның бәріне тән дүние болуы тиіс. Ең алдымен, сол тілде ойлай алатын адамның қасиеті. Сауатсыз жазатын адам ойын жүйелей алатынына сенбеймін. Жалғау мен шылауды «шатЫстыратын» адам не туралы жазып отырғанын өзі түсінбейтін шығар деп те ойлаймын. Дефис пен тиренің орнын ауыстырып қоя беретін адам қазақ тілін біледі дегенге де сенбеймін. Бұл екі категория жай мысал ғана, бірақ көрнекі мысал. Бұлар жазудағы аса маңызды категориялар, сөздің, сөйлемнің мағынасын мүлде басқа жаққа бұрып жіберетін категориялар. Ал журналист осы категорияларды бірінің орнына бірін, ретсіз қолдануы мүлде болмайтын тірлік.

Мен тіл маманы емеспін. Дипломымда қазақ тіліне қатысты сөз жоқ. Әдебиет оқытушысы, әдеби қызметкермін. Университетте қазақ тілі орыс топтарында қалай жүрсе, біздің бөлімде де сонша сағат жүрді. ҚФ бөлімдері оқыған бағдарламаның үштен бірімен шықтық. Тек, курстастар чатына кірген кезде, сол ҚФ бөлімінде алты жыл оқығандардың шынымен оқығанына күмәнданып қаламын... Соған қарағанда, қазақ тілін қалай, қанша оқығаның да маңызды емес-ау деймін. Сауаттылық қанда не бар, не жоқ. Мен де керемет сауатты емеспін ғой. Қателесетін кездерім де болады. Сол үшін, өзімді бір тіл сақшысы сезінбеймін, тек айғайлап тұрған қате көрсем, шыдай алмай кетемін.

- Сыннан кейін сайт басшылары болсын, жекелеген журналистер болсын, саған жеке шығып қателіктерін түзейміз дегендері болды ма?

- Жоқ. Олай деп мойындап, «сенікі дұрыс» дейтіндей мен кіммін? «Жекеме айтсаң болар еді ғой» деп ренжитіндер бар. Сонда, «ойбу, қателесіппін ғой, түзей салайын» деп мойындаудың орнына, қайдағы бір Қожабекова қатесін тапқанына налитындар көбірек. Қатені көрсетіп жазған постыма келіп өзімді мазақтап күліп кететіндер бар. «Жұрттың бәрінен ақылдысың ба не?» десе, бірі «Осы-ақ бәле болды ғой» дейтіндер де бар. Менің де мақалаларымда қате көп. Оны артынан оқып өзім көремін, ерінбесем – түзеймін. Сонда, «осыны ешкім көрмеген бе? Көрсе неге бетіме баспаған? Неге өзіме көрсетпеген» деп ойлаймын.

Үнемі әр жазғанын маған көрсетіп, «қатесі болса айтыңызшы» деп отыратын бір журналист бар. Кейде оның жазғандарын әдейілеп оқуға уақыт болмай кетеді, көзіме түссе, айтып-айтып беремін, бірден түзетеді. Мен арнайы интернет аралап отырып қате термеймін ғой. ФБ лентасын ақтарып отырғанда көзіме «оттай басылатын» қателер болады, әсіресе мақала тақырыбында. Соны жаза салып, өтіп кете беремін. Заг қате болса, мақаланы оқуға да қорқамын, қатесін талдап кетемін бе деп. Кейде, мен қатесін көрсетіп жазған загтың авторы сол менің постымды көргенін білемін, тек үндемейді. Келісетін, келіспейтінін білдірмейді. Сонда ойлаймын, сол адам келсе, өзінікі дұрыс болса – дәлелдесе, дұрыс емес болса – мойындаса, диалог болса, жақсы болмас па еді? Бір грамматика сабағы болар еді. Маған ерегесіп, ернін жымқырып отыра бергеннен кімге пайда, мен жаманатты болғаннан басқа?

– Мүмкіндігің болса «Сауатты журналистер университеті» деген ұйым құрып немесе сертификат беретін курс ашар ма едің? Әлде бұл біраз аға-апа журналистердің шамына тиіп кетеді деп ойлайсың ба?

– Аға-апа журналистердің шамына неге тиюі керек? Ондай курс ашуды ойламаппын, басқаша идея, жоспар бар еді, нантабардың астында қалып кетіп жатыр. Басқа біреу ашып, оқытам десе – мархабат. Тек, шынымен сауатты журналист істесінші соны. Әйтпесе, өз қолымен бір де бір мультимедиалық материал жасап көрмегендер мультимедиадан тренинг өткізіп жүргені сияқты, сауатсыз журналистер сауатты журналист болуды үйрете бастаса – құрығанымыз. Ал егер мен ондай шаруа бастасам, аға-апалардың көмегіне жүгінер едім. Жалғыз шырылдағаннан не оңады? Тек, ол курсқа тыңдаушы келмей қала ма деп қорқамын. Сертификат бермес едім. Сауатты жазу деген мөр басып бекітілетін нәрсе емес қой.

Ресурс үш рет қатарынан қоқыс берсе, демек – «помойка» деген сөз.

- Қазір журналистика газет, телеарна, радио ғана емес, мультимедиалық Интернет-журналистикаға да әлдеқашан аяқ басты. Әрқайсысының өз аудиториясы бар. Медианарықта сіз бен біз сияқты оқырман ақпараттың көптігінен сансырамас үшін ең бірінші нені ескеруі керек деп ойлайсың?

- Медианарық демекші, қазір журналистика мен медианың аражігін ажырата алмай кетіп барамыз. Медиа бар, сол медианың ішінде журналистика бар. Медиада бәрі бар – ойын-сауық бағдарламаң да, жарнамаң да, концерт, сериалың да. Журналистика – бөлек. Медиада жүрген адамның бәрін журналист дейміз де, одан журналистің қасиеттерін талап ете бастаймыз. Ол дұрыс емес. Медиадағы контенттің бәрі журналистік материал емес. Әсіресе, онлайн медиада. Мысалы, қай сайтты алсаң да – медиа. Тек, ішіндегісі – журналистика емес. Менікі дұрыс емес шығар, тек, мен білетін журналистикада журналистің ең басты қасиеті – аналитикалық ойлау қабілеті. Ол жоқ жерде, сен «медийщиксің», журналист емессің. «Болды» деп жазу оңай, ол – медиа, ал соның неден болғанын және артынан не болуы мүмкін екенін сараптап, оқиғаны соңына дейін қадағалап, түйінін қойып жазу – журналистика. Сондықтан, кейде әншілер журналистердің нанын тартып жеп отыр дегендерді түсінбеймін. Әнші ешқашан журналист бола алмайды. Ал тележүргізуші – журналист емес. Әншілер сараптамалық бағдарламаның тізгінін ұстамайды ғой. Өлетін жерін өздері де білетін шығар. Ал, «развлекаловка» - журналистика емес. Аудитория – ең алдымен тұтынушы. Контентті тұтынушы. Тұтынушы талғамы – тұтынушының проблемасы. Әркім өз өмірлік тәжірибесіне, қажетіне, білімі мен багажына қарай ақпарат тұтынады, керегін алады. Бұл жерде медиамен қатар, аудиторияның да жауапкершілігі бар екенін ескеру керек. Әйтсе де, «оқырман өзіне керегін екшеп алады ғой» деген ұстаным да дұрыс емес. Оқырман – қоқыс ақтарып отыруға міндетті емес. Ресурс үш рет қатарынан қоқыс берсе, демек – помойка деген сөз.

– Бүгінгі қоғамдағы (қазақтілді, орыстілді болсын) журналистиканың он жылдан кейін қалай болатынына болжам айтып көрші...

- Келер жылы қандай болатынын да айта алмаймын. Шынын айтсам, журналистикада ешқандай жаңалық жасамаймыз. Жалпы, біз – технологияларды тұтынушы ғанамыз. Медиадағы революцияның бәрі батыста жасалып жатыр. Бізге тек соның елесі бәленбай жылдан кейін ғана келеді. Онда да, біздің жағдайға икемделгені келеді. Мысалы, өткенде, Трамп пен Клинтонның сөзжарысын сол жақтағы медиа қалай таратты, қалай сараптама жасады! Жілігін шағып, аудиторияға майын беріп, ол майды қалай жеу керек екеніне дейін көрсетіп берді. Оның бәрі технология. Сол жақтағы медианың жұмысы, олардың дайындығы. Ал енді бізге дәл сол технология келе ме? Келмейді. Өйткені, бізде ондай сөзжарыстар болмайды. Ендеше, неменеге керек? Біз сол, әлеуметтік желілердегі суреттер мен видеодан «жаңалық» жасап, отыра береміз. Әйтсе де, бір үмітім бар. Бір жылдан кейін бе, он жылдан кейін бе, редакциядан шығып жұмыс істейтін қазақ журналистері көбейеді деген үмітім бар.

Он жылдан кейін қазақ журналистикасында салалық журналистика жақсы дамығанын елестетемін. Музыка, өнер, спорт, мәдениет, экономика, білім саласы туралы жаза алатын, әрқайсысында білімі бар, терминологиясы мен аппаратын, материал әзірлеу технологиясын меңгерген журналистер көбейеді деп сенгім келеді. Мультимедиа үшін мультимедиа емес, шын мәнінде мультимедиа келеді деп сенемін. Екі сан жазылған суреттер емес, нағыз инфографика жасала бастайды деп сенемін.

– Өне бойы елең еткізетін тақырыптарды қуалап, сенсация және рейтингтен түспеу үшін журналистер нені ескеріп, нені білуі шарт?

- Мені журналистика туралы сараптап ой айта алатын эксперт деп бағалағаныңа рахмет. Тек, мен шетінен қадағалап жүрген адам ретінде ғана айтайыншы. Жалпы, журналист нені ескеруі, нені білуі керек дегенді өз басым айта алмаймын. Дәл қазір мен «Журналист өз бетімен меңгере алатын дағдылар» деген материалды аударып жатырмын (newreporter.org/kz) сайты үшін. Сонда, қазіргі таңда журналист өз бетімен меңгере алатын, жоқ, меңгеруі тиіс машықтар мен дағдылар арасында мобайл журналистика, ақпаратты агрегациялау, визуалдау аталады. Мұның бәрі – аналитикалық ойлау мен сауаттылыққа қоса жүретін бонустар. Өзін журналист атайтындардың бір кемшілігі – тақырыпты қуаламайды, тақырып қайдан шығады деп күтіп отырады. Инфоповод күтеді. Сосын, соны шар сияқты қылып үрлейді де, аузын бумай жібере салады. Ол барады да «пшшшшш» деп, желі біткенше бөлмені айналып ұшып жүріп-жүріп, ақыры бос қапшық сияқты жерге түседі. Мықты болсаң – түспейтін етіп жібер. Шарыңды толтыр, оның аузын мықтап бу, сөйт те, ол ары-бері өткен адамдардың жанына өзі ұшып баратындай етіп жібер. Жүрсін қалықтап. Тақырып толық игерілгенде ғана солай болады. Шын айтайын ба? Соңғы жылдары бір мәселені соңғы нүктесіне дейін қадағалаған журналистік материал көрген жоқпын. Бәрі – «пшш». Желі шығып кетеді, ол шарды тіпті жерден алып, қайтадан үрлеуге де ерінеді. Ол үшін орындығынан тұру керек қой....

- Еліміздің әр өңіріне барып, түрлі тақырыпта семинар, тренингтер өтіп жүргеніңді білеміз. Тәуелсіздік алғалы әрбір ізденетін журналистер қауымы неше түрлі семинар, т.б. қатысып, кем дегенде сандығына бес-алтыдан сертификаттар жиып алды. Айтшы, жалпы сертификат үлестіруден азаматтық журналистика дамыды ма? Оның көріністерін баспасөз болсын, телеарна болсын байқадың ба?

– Енді, бәрін айта алмаймын ғой. Құр сертификат үлестірудің ешкімге пайдасы жоқ. Ол тек қаржы игеру, орысша айтқанда ИБД – имитация бурной деятельности. Бұл кезеңнен де өтерміз. Сертификатты алуын адам алады ғой. Тек, ол тренингте үйренгенін қолымен істемесе – одан не пайда. «Пустышка» тренингтерді айтпағанда, шынымен мықты тренерлердің алдынан шығып, сертификатын әйнекке салып тұсына іліп қойып, сол жерде айтылған дүниені ертеңіне ұмытып қалса – ол да ИБД. Қатыстым есеп. Азаматтық журналистиканың өсу кезеңі Асхаттың тренингтері тұсында болды ғой. Қазір енді сол Асхаттан оқып шыққандар өздері тренер болып жүр. Тек, біреудің презентациясын алып, сонымен «тренинг» өткізетіндер дәуірі жүріп тұрғанда, даму туралы айта қою қиын шығар. Шын айтса, таза азаматтық журналистиканың дамуы дәл қазір хаос түрінде, берекесіз жүріп жатыр. Әкімдіктер «блогерлерге» арқа сүйеп барады. Ал ақша араласқан жерде «азаматтық» журналистика болатыны белгілі ғой.

– Көбіне семинар, тренинг т.б. болсын шетелден мамандар шақырылып жатады. Ал біздің қазақстандық журналистер шетелдік әріптестердің шақыртуымен өзге мемлекеттің баспасөз өкілдеріне дәріс оқыпты дегенді жиі ести бермейміз. Ондай мысалдар бар ма?

– Ондайды мен де естімеппін.

– Оқырманға қызықты, танымдық мақалалардың ұнайтыны жасырын емес. Журналистер үш тілді меңгеруі шарт па әлде кәсіби ізденімпаз болуы жеткілікті ме? Өзің тақырыпты ізденуде құпия болмаса қандай амалдар қолданасың?

– Қазақстанда журналист кем дегенде екі тілді меңгермесе болмайды. «Тек қазақ тілін білемін» дегенді мақтаныш көретін де, сонысын алға тартып, өзіне жағдай жасалуын талап ететін де әріптестерімді түсінбеймін. Қазақ тілін жетік білуің – ақпаратты жеткізу үшін керек. Ал ол ақпаратты қабылдау үшін сол ақпараттың тілін білуің керек қой. Қанша аттандасақ та, орыс тілі бар, әлі қанша уақыт бар болады. «Орысша түсінбеймін» деп қарап отырсаң – өзіңе қиын. Ал ағылшын тілі, жоғарыда айттым ғой, батыстың технологияларын меңгеру үшін керек. Ағылшынша білетін журналистер неғұрлым көп болса, сол технологияларды соғұрлым ертерек әкелер едік, соғұрлым көбірек әкелер едік, ар жағынан қарап тұрсаң – саннан сапа шығар еді. Мен өз бетіммен ештеңе жазбаймын,  тапсырыспен немесе редакция тапсырмасымен жазамын. Түрлі іс-шараларға арнайы барып материалдар әзірлеймін де, тапсырыс берушіге өткіземін. Сөйтіп жүріп, өзім тақырып таңдап, соны қаузаулап жазуға уақытым жоқ. Ал ана жазылған материалдарым өз атыммен де жарияланбайды. Өзімді журналист атамайтыным содан.

«Тақырып дағдарысы» деген өтірік

- Бізде «қазір журналистік зерттеу жоқ» дегенді екінің бірі айта алады. Ал мәселені басқаша қарастырып көрсек, дәл қазіргі сен, мен және өзге де әріптес журналистердің проблемасы неде деп ойлайсың? Журналистика «тақырып дағдарысында» тұрғаны рас па?

- Жоғарыда айтқандарымды қорытатын сұрақ болды бұл. Қазіргі журналистиканың басты проблемасы – айғай бар, аттан бар, бірақ, адам жоқ. Кейіпкер жоқ. Жоқ демейінші. АЗ. Адам туралы жазғымыз келмейді. Адамды зерттегіміз келмейді. Менің проблемам неде екенін айтсам – ағыспен кетіп барамын. Кейде, бір тақырыпты, проблеманы, оқиғаны көріп, «неге осыны журналистер былай да былай жазбайды?» деп ойлаймын. Жазса ғой деймін. Өзім жазғым келеді, бірақ, менің жұмысым басқа. Бұл сылтау емес шығар, әйтсе де...

Ал «тақырып дағдарысы» деген өтірік. Тақырып дағдарысы жоқ. Көтерем, қазам, жазам деген журналиске тақырып табылады ғой. Оның себебі басқада. Тәуелсіздік дағдарысы десе болар. Мысалы, министрге компромат шықты ғой кеше. Сайттар соны жылдам көшіріп жариялап жіберді. Алайда, бір-екеуі ғана мәселені түбіне жеткізеді. Көбі сол видеомен шектеледі де, басқа әріптестері не жазар екен деп аңдып отырып, соны көшіріп тағы жариялай қояды. Ал сол қызбен кездесіп, қанша журналист өзі сөйлеседі деп ойлайсың? Дәл осыны оқып «мырс» етіп күлгеніңді елестетіп отырмын. Ал шын қазам деген адамға, министрді құрдымға жіберетін компромат табылады. Оның артында қаншама әлеуметтік мәселе ашылады. Бір сапалы зерттеудің артынан бәленбай аттан-материал жазылар еді. «Байғұс қазақ қызы» деп егілетіндерге бір жылға жетер жұмыс табылар еді. «Көз ашқыш» журналистиканың да біраз шабылып қалуына мүмкіндік болар еді. Тек, ол адамның – шын мәнінде мәселені зерттегісі келген адамның (ондай адам табылса) аузын дер кезінде жауып үлгереді ғой... дағдарыс осында. Сөйтіп, көшіргіш сайттарға азық болар материал жазылмайды. Бір аптадан кейін ана қыз да, министр де ұмытылады.

- Алдағы мақсатың, қандай жоспарың бары туралы біле кетсек.

– Қазір мен Интерньюстің «Орталық Азиядағы қоршаған орта және табиғи ресурстар мәселелерін тиімді жариялауға арналған медиа» деген жобасында тренер болып жұмыс істеп жүрмін. Негізгі қызметім осы. Сондықтан, алдағы бір жылдың жоспары да, мақсаты да осы жобамен тікелей байланысты. Экология тақырыбын жақсы жазатын журналистер желісін қалыптастыруға ұмтыламыз. Осы салада тренерлік қызмет атқару үшін өзім экология саласын «шағатын» журналиске айналуым керек. Сондықтан, алдағы бір жыл экология мен мультимедиа саласын зерттеумен, осы саладағы жаңа дүниелерді үйренумен өтетін шығар. Ары қарай тағы көре жатармыз.

– Сұхбат бергеніңе рахмет!

Әңгімелескен: Жансая СЫДЫҚБАЙ

sn.kz