Жат ағымның жетегінде кету ер немесе әйел адам деп таңдамайды. Ер де, әйел де діни сенім ұстанымдарын өзгертіп, тура жолдан адасып жатыр. Алайда «Исламда әйел ер адамға бағынышты болуы керек» дегенді асыра пайдаланып жатқандар да жоқ емес. Біз осы орайда Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының жанындағы «Кеңес беру және оңалту орталығының» әйел ісі жөніндегі теолог маманы Назерке Жетпісбайды сөзге тартып, дін аясындағы әйелдер мәселелерін әңгіме еттік.
–Назерке Жетпісбайқызы, жат ағымның жетегінде кеткен әйелдердің көбісі өкініп жатады екен. олардың адасуына не ықпал етуі мүмкін?
–Жалпы әйел адамдардың басым көпшілігі өзіңіз білесіз, эмоцияға өте берілгіш келеді. Бірінші себебі сол. Екіншіден әйел адамдар күйзеліске ұшыраған кезде өздерінің күйзелістерінің орнын толтыру үшін бір жерден өзін рухани тыныштандыратын нәрсе іздегісі келеді. Ондай біздің орталықта болды. Мұны бізге келіп жатқан әйелдер тәжірибесінен алып отырмын.Бір әйел келіп, намаз оқымайды, хиджап кимейді, діни байланысы жоқ әйел адамнан «жалпы бұл орталықтың тізіміне ілігіп қалуғане себеп болды» деп сұраған кезде, ұқсас жағдайларды айтады. Мәселен, отбасында әртүрлі мәселелер туындап, өзім вконтактеге кіріп отырғанмын дейді. Сол кезде «Әйел адамның исламдағы» орны деген топқа тіркеліп, сол жерден ақпараттар алдым, сол жерден өзімді рухани тыныштандыратын ақпараттар алдым дейді. Бірақ уақыт өте келе Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің адамдары келді дейді. Сөйтсе ол топ тыйым салынған топтардың ішіне кіреді екен. Ол кісі білмейді, бірақ расында мен сол жерден өзімнің рухани тыныштандыратын ақпараттарымды ала алдым дейді. Бұл жай ғана біздің орталықтағы бір факт болса, бұған дейін де мұндай факттар өте көп болды. Яғни сол іздену арқылы адасады. Әйел адам ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін білмейді, бірақ ақпарат ала береді, ең соңында ол өзі үйренген нәрсе өзі үшін дұрыс болып есептелінеді. Ал сырттай алып қарағанда оның алып отырған ақпараттары теріс. Қазіргі уақытта 130-дан аса әйел біздің орталыққажыл басынан бері келген болатын. Олардың басым көпшілігінің діни сауаттылығы төмен, нөл деп айтсақ та болады. Олар тек қана намаз оқимыз, ораза ұстаймыз дейді, басқа ешқандай ақпарат білмейді. Жай ғана сырт келбетімен алып, қызығып, ұстап алғандар.
–Әйел адамның жат ағымға еруі көбіне өз еркімен бола ма, әлде ерінің ықпалы бола ма?
–Жоғарыда әйел адамның шатасуының екі себебін айттым. Енді одан кейінгі үшінші себебі, бұл әйел адамның еріне бойсұну арқылы жүзеге асады. Жасаған тәжірибелердің нәтижесінде, тіпті үйленбей тұрып қыз-жігіт болып сөйлесіп жүргеннің өзінде жігіт жүріп жүрген қызына ықпал ете алатындығы көрініп отыр. Өйткені тағы да әйел адам жылы сөздерге ергіш, біреуден жылулық іздейді, жақсы көріп тұрған адамы оған жаны ашиды деп ойлайды, осылайша содан алған ақпараттардың барлығын қабылдап алады.
Бір мысал келтірейін, Атырауда Күмісай (аты-жөні өзгертілді – ред.) деген оқушы қыз болды. 9 сынып оқиды, кәмілет жасына толмаған. Бізге мектеп ұстаздары қоңырау шалып, қыздың жақсы оқитынын, соңғы кезде өзгеріп жүргенін, орамал тағып, үлгерімі нашарлағанын айтып көмек сұрады. Сөйтіп қыз ата-анасымен бірге орталыққа келді. Қыз алғашқы бірнеше кездесуде ашылған жоқ. ата-анасы күні-түні жұмыста, қыздың жазғы курстан діни сауат ашқанын, намаз оқи бастағанынан ғана хабардар. Бірнеше сұхбаттан соң біз қызбен өз үйінде кездесу өткізуді жоспарладық. Үйіне келіп, шай ішіп, қызбен еркін әңгімеге көшкен кезде, ол тіпті ата-анасына да айтпаған сырымен бөлісті. Әлеуметтік желі арқылы Талғат (аты-жөні өзгертілді – ред.) есімді жігітпен танысқанын, онымен бірнеше ай сөйлесіп, жігіттің Алматыдан Атырауға арнайы келгенін айтты. Ары қарай не болғанын білесіз бе? Ары қарай жігіт қызды өзінің діни ұстанымына иландыра бастаған. Сүйем-күйемін айтып, 9 сыныпты бітірген соң үйленетінін айтып, неке қидыруға келістірген. Ата-анасынан рұқсат сұраймын дегенде «сенің ата-анаң намаз оқымайды, олардың рұқсат алу міндетті емес» деген. Онда мешітке қидырайық дегеніне де келіспей, қызды Атыраудағы «Дина» деген базарға алып барады. Бұл базардың басым көпшілігі сәләфтардың сауда орындары. Сол базардағы «браттарын» шақырып, некесін қиып беруін сұраған. Олар қызды теріс қаратып қойып, сыртынан түсініксіз бір нәрселер оқып, «болды, некең қиылды» дейді. Неке қидырудың қандай болатынын білмейтін жасөспірім қыз, некелі болдым деп мәз болып қайтады. Сол күні Күмісай сол базардың маңындағы қонақ үйге барып, неке түнін өткізеді. Сосын жігіт Алматыға қайтып, қызбен телефон арқылы байланысып тұрады. Мен кіп-кішкентай жасөспірім қыздың басынан осындай жағдайлар өтіп жатқанын ата-анасы білмейтініне таңғалдым. Осыдан кейін Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті арқылы Алматыдағы жігіт туралы ақпарат сұрастыра бастадық. Оның атын басында басқаша айтты, әлеуметтік желіде былай тіркеліп тұр деп тағы басқаша айтты. Бірақ соңында шындықты айтты, анықтай келген кезде жігіт қызға өзін 1994 жылғымын деп таныстырған, ал ол 1983 жылғы. Қыздың өзі15 жаста. Қызға сені алдады деп айтсақ, сенбейді, жоқ ол 1994 жылғы деп қадалып тұрып алды. Бұрын отбасы бар меді десек, қыз жоқ деді. Ал оның бірінші әйелі болған, одан бір баласы бар. Жігіттің ағасы Сирияда қайтыс болған екен, соның әйелін әмеңгерлікпен алып отыр, ал мына қыз оның үшінші әйелі болып есептеліп тұр. Ол ақпарат жеткен кезде де қыз сенбеді. Жоқ, ол мүмкін емес деп жүрді. Бірақ ары қарай жұмысты жалғастыра бердік. Кейін жігіттің өзін кездесуге шақырдық. Ол Атырауға келді. Кәдімгідей, ешқандай сақалы жоқ, өзін Ханафи Масхабында санап келді. Бірақ бұрын өзінің сәләфиттік діни ұстанымда, таблиғи жамағат ұйымдарында болғандығын айтты. Ал қазір Ерсін Әміренің орталық мешітте уағыздарына қатысып жүрмін деді. Алматыда Тастак базарында телефон сатумен айналысамын деді. Мен диплом алуға Алматыға келгенімде, осы жігітті бір көріп кетейінші деген оймен, телефон алатын адам болып қоңырау шалып едім, «Тастак деп кім қате мекен-жай бергенін білмеймін, мен Көк базардағы Мегатау сауда орталығындамын» деді. Айтқан орнынан келіп, ем, мені көріп таңғалып, тұрған орнында тұрып қалды. Сақалы кеудесіне түскен, балағы шорт кесілген. «Мешітке барып жүрсің ба, Ерсін Әміренің дәрістеріне барып жүрмін деп едің ғой» десем, «жоқ» дейді. Қызға келіп тағы айттым, «мен барып өз көзіммен көрдім, ол Ханафи масхабын ұстанбайды» десем, жоқ тыңдамайды. Ата-анасына барлық жағдайды айтқан жоқпыз. Сонымен уақыт өте келеіз өзі қашан ізденеді, сол кезде ғана кездесіп, сұхбатты жалғастырайық деп істі тоқтатып қойдық. Сөйтіп 2-3 айдан кейін қыздың өзі хабарласты. «Жүрегім ауырып жүр, Талғат жазбай кетті» дейді.«Анда-санда хабарласып, өзім звондаймын деп телефонды қойып қояды» дейді. Біз звондасақ алмайды. Сосын психолог сөйлесті. Психологқа «мен оны міндетті түрде аламын, уайымдамаңыздар, қазір қолым босамай жүр»деген жігіт. Содан кейін тағы екі ай өткен соң, ол нөмірін ауыстырып, қызбен мүлде байланысқа шықпай қойған. Сол кезде барып, қыз түсініп, депрессияға түсті. Мектепті ары қарай жалғастырғысы келмеді. Оның түсінігінде барлық сыныптастары менің осындай екенімді біледі деп санасында қалып қалғаннан кейін мектепке бармайды. Сол үшін біз араласып оны колледжге түсіріп бердік. Бірақ әбден тыныштанғаннан кейін қыздың осы ақпараттың барлығы учаскелік қызметкерлерге, барлығына жеткен, жаңалыққа шыққаннан кейін, қызды барып «сіздерде осындай қыз бар екен, сол кім» деп іздеген. Ал біз бұқаралық ақпарат құралдарына басқа атпен, оқу орнын атамай көрсеткен болатынбыз. Бірақ ақпаратты қайдан алғанын білмейм, ол қызға барған. Күмісай «мен емеспін» деген. Бұл жағдайдан кейін қыз «болды менің қыр соңымнан қалмайды» деп, оқуға бармай, колледжен шығып кетеді. Ал бізбен байланысты мүлде доғарады. Қап қара киінді, бір күні қарасақ ниқаб киіп жүр. Атырау кішкентай қала, адамдар бір-бірін тез көреді. Әрбір мешіттерде біздің теологтар отырады. Кейін ол қыздың бір жігітпен кездесіп жүргенін естідік, одан кейін тағы басқамен сөйлескен. Қазір қарасам бір бала туып алыпты. Бірақ өзі жеке әйелдер жамағаттарымен, «сестраларымен» ата-анасынсыз тұрып жатыр. Ата-анасы соңғы жағдайлардан хабардар болса да, тәрбие жағынан жауапкершіліктің жоқтығын байқауға болады.
Сөйтіп осы орталыққа келгеннен кейін бізде теологтар түрмеге де барады.Жұмыс барысындағы есептердің бәрі менен өтеді. Қарап отырсам, Байбосынов Талғат (аты-жөні өзгертілді – ред.) деген кісі тұр екен. Бұл қалай сотталып кеткен, бұл сол ма, сол емес па деп, түрменің теологтарына хабарластым. Жігіт аяғын кішкене сылтып басатын. Осындай белгілері бар жігіт, экстремизм-терроризмді насихаттағаны үшін сотталыпты деген ақпарат алдым.
Енді сол жігітпен тағы да өзім барып бетпе-бет кездессем екен депжоспарлап отырмын. Неге былай жасағанын, ол қыздың тағдырымен ойнағанын, өзінің тағдырына сондай нәрсе келгенін шұқып тұрып көрсеткім келеді. Өйткені ол шыққаннан кейін ол осы нәрсені қайтадан қайталауы мүмкін ғой. Бұл жерде қыздың тағдыры жігіттің діни ұстанымы арқылы құртылып тұр. Бұл жерде күйеулері ғана емес, оның жанындағы жүрген достары, құрбысы, сөйлесіп жүрген адамы да оның діни ұстанымының өзгеруіне әкеп соғуы мүмкін.
Тұрмыс құрған әйелдердің ішінде басым көпшілігі жолдастарының діни ұстанымын қабылдап отырғандар. Неге? Өйткені ислам дінінде әйел адам күйеуінінң айтқанын бойұсыну керек. Олардың түсініктерінде сол ұстаным қатып қалған. Біздің түсінігімізде күйеуімізді жібітіп, жылы сөздермен алдап, осындай шығар, мұндай шығар десек, ол кісілерде ондай жоқ, тіке айтты ма, болды соны сен қабылдауың керексің, соны істеуің керексің деген түсінік қалыптасқан. Намазға жығылып жатқандардың да, хиджап-ниқап киіп жатқандардың да күйеуінің ықпалы арқылы болып жатқан факттар бар. Мен кездескен бірнеше әйел адам болды, мен намаз оқыған жоқпын, бірақ күйеуім намаз оқитын дейді. 2-3 жыл қарсылық таныттым, одан кейін қоймай қойды, балаларыма айта бастады дейді. «Сенің мамаң дұрыс емес, ол намаз оқымайды, ол құлшылық етпейді, мамаларыңды тыңдамаңдар» деп, балаларымды маған қарсы қоя бастады. Одан кейін менің намаз оқуыма тура келді дейді. Бірде тастап, бірде оқып, бірде оқымай сөйтіп жүрдім дейді. Шынымен, адамның жүрегіне салып бермегеннен кейін, өзі ниеттенбегеннен кейін ол солай болады. Одан кейін бір жылдан кейін орамал тақ дей бергеннен кейін, орамал тағады. Яғни бұл жерде оның қалауынсыз болып жатқан нәрсе. Ниқабта да дәл сондай. Күшті бір ашық-жарқын қаншама әйелдер келді. Не үшін тағып жүрсің десек, күйеуім айтқаннан кейін тағып жүрмін, ол талап қояды, мен мүлде қызықпаймын, мен намаз оқуға да қызықпаймын, хиджабқа да қызықпаймын дейді. Бұрын ер кісі, әйел кісі деп бөлмей, бәрімен араласып, ортақ туған күнге, тойға барып жүрген әйел адамдар, қазір өзгеріп шыға келген. Яғни өзі қаласа да қаламаса да күйеуінің талабын орындап тұр.
–Деструктивтік діни ағымдардың қызметінен зардап шеккен әйел адамдардың арасында оңалту жұмыстарына көндігуге қиындықтар тудыратынын бар ма? Олармен жұмыс істеудің қиындығы қандай?
–Оңалту жұмыстарына қиындықтары тудыратын әйелдер – жоғарыда айтқан күйеулерінің діни ұстанымындағы әйелдер. Менде бір отбасы болды. Күйеуі, әйелі және 2004 жылғы қызы тізімде тұр екен. Анасы мен қызын әкелген кезде күйеуі толықтай ақпарат берген. Басында қыз үндеген жоқ, мектепте оқитын қыз ғой. Әбден қыдығына тигеннен кейін қыздың эмоцияға салынғанын көрсеңіз, кәдімгідей агрессия. «Сіз неге олардың ұстаздарын дұрыс емес деп айтасыз, жоқ Назаратулла дұрыс, Оқтам дұрыс, сіз неге олай айтасыз, менің әкем солай үйретті» деген. Осыдан-ақ мен отбасында кім діни тәлім-тәрбие беретінін көріп отырмын. Анасының өзі сен оның бәрін қайдан білесің деп аузы ашылып қалды. Мен түсіндіріп айтып отырсам, қыз тыңдамайды. Анасы «тұра тұрсай, тыңдайық, үйге барғаннан кейін әкеңнен сұраймыз, мүмкін әкеңдікі дұрыс емес шығар» деген орталыққа келген бір-ақ әйелден көрдім, оның үстіне ұлты – орыс. Бір-ақ әйел «мүмкін біздікі дұрыс емес шығар» деген ой түйді. Ал қалған басым көпшілігі мына жерден иә-иә деп кетіп, шыққан соң өз тірлігін жасай береді. Бар, әрине, ортаға бейімделген адамдар. Бірақ өткен жылы істеген жұмыстардың нәтижесінде, яғни жылдап істелген жұмыстың нәтижесінде болып жатқан нәрсе. Әрине, бұл жерде оңалту жұмысын жасағаннан кейін міндетті түрде күйеуі де, әйелі де келу керек. Егер күйеуінің діни ұстанымы өзгерсе, онда әйелініңкі де міндетті түрде өзгереді.
–Балалы әйелдердің адасуы баласының да сол ағымның мүшесі ретінде қарай аламыз ба? Әйел құшағындағы баланың таңдау еркіндігі болмады ғой?
–Балаға тәрбие беретін анасы да, әкесі де. Анасы Ханафи бойынша, әкесі сәләфилік бағытта тәрбие беретін болса, баланың миы ашып кетеді. Бәрібір күйеуі келіп, «сен балаға не тәлім-тәрбие беріп отырсың, ертең мына баланың миы ашиды ғой» деп айтады. Сондықтан балалардың діни ұстанымы ата-анасымен тікелей байланысты. Деструктивті ұстанымдағы отбасының балалары шынымен де сол діни ұстанымда. Өйткені ата-аналардың, келген әйелдердің басым көпшілігінде жоғары білімі жоқ. Барлығыныңкі орта білім, арнайы орта білім және мектеп деңгейіндегі орта білім. Олардың түсінігінде сен Құранды білсең, Ислам дінін білсең болды, сол жеткілікті және сен балаға сол тәрбиені беру керексің деген түсінік қалыптасқан. Сондықтан басқа сфераны оқымағаннан кейін ол бәрібір балаға дінді үйрете береді. Күндіз-түні дінді айтады. Әрине, бала Жаратушысын таныса, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ажырата алса болды, ол бала ертең санасы қалыптасқаннан кейін, есі кіргеннен кейін ол өзі-ақ саралап алады. Ата-анасы жол көрсетіп отырады. Бірақ күндіз-түні оны нұқып, сен бүйт, сен сүйт деп, мынау дұрыс емес, сен мынаны оқы деп қайта-қайта дінге үгіттей бергеннен кейін бәрібір ол баланысолай қалыптастырады. Олардың балалары өте көп, бір отбасында алты-жеті баладан, бес баладан, төрт баладан бар. Яғни бір-біріне үйретеді, үлкендер кішілеріне үйретеді деген сияқты. Тіпті біздің орталыққа келіп жатқан ең жас дегендердің өзі 2002, 2003, 2004 жылғы балалар бар тізімде тұрған. Демек біздің тізімде биылғы мысалы, мыңнан астам адаммен кездесу өткізу керек болса, сол мың адамның өсіп келе жатқан балаларының да діни ұстанымдары сондай деген сөз. Өйткені 2003-2004 жылғыла тізімге ілініп жатқаннан кейін, шынымен ойлап қарап статистиканы шығара беруге болады. Ертең олар өскеннен кейін не болады деген сұрақ туындайды.
-Кішкентай қыз балаға мәжбүрлеп орамал тақтыру факттары да бар ғой дегенмен?
–Бар. Тіпті мынадай оқиғалар болды. Ата-аналар балалар қаламаса да орамал кигізіп қояды. Ән, дене шынықтыру сабақтарына қатыстырмайды. Биге қатыстырмайды. Мұндай факттар батыс өңірінде тіркелді. Жұмыс барысында бір бала қатты жылады. Неге жылап отырсың деген кезде «мен концерттік бағдарламаға қатысқым келеді, бірақ анам рұқсат бермейді» дейді. Одан кейін жұмысты ата-анасымен жүргізе бастадық. Ата-аналардың бәрі жоқ, мен олай үгіттемеймін, мен баламның өзі қалайды, маған қарап орамал тағады деген сияқты айтады. Бірақ шын мәнінде үгіттеу деген бар. Демек мына жердегі балалардың өз қалаулары емес. Ол қалауға ата-анасының үгіттеуі арқылы, талап етуі арқылы болып жатқан нәрселер. Дене шынықтыру сабағына қатыстырмайды. Неге? Өйткені қыз балалар мен ұл балалар бір жерде жүгіреді, бір қатарда тұрады деген түсінікпен. Бір партада отырулары, сурет салдырады, ән айтқан кезде даусы қатты шығып кетеді, ән айтуға болмайды деген сияқты белгілі бір шектеулер қойып тастаған. Мұның барлығын көріп өскен бала ертең басқаларға үйретеді. Жанындағы достарына айтады.
–Біздің қоғамда орамал тағу дегенді хиджаб, ниһаб кию деп қабылдап кеткен сияқты ма, қалай?
–Әйел адамға қатысты бетті жабу немесе бүркеу, қолға қолғап кию деген сияқты нәрселер белгілі бір парыз, үкім ретінде бекітілмеген. Бірақ әйел адамның әурет жері ретінде жүзі, қолы және аяғының тобықтан төмен қарай ашық, қалған жердің бәрі әурет деп Құранда айтылған. Асхаб сүресінде де, Нұр сүресінде де айтылады. Бірақ мұны асыра сілтеп ұстанатындар да бар. Мысалы айтатын болсақ, Араб өлкелерінде күн өте қатты ыстық. Тіпті кинолардан да көруге болады, әйел адамдар ғана емес, тіпті ер адамдардың өздері беттерін тұмшалап алып жатады. Бұл Араб өлкелерінде құмды жерлер көп болғаннан кейін құм адамның денесіне тиген кезде кәдімгідей күйдіріп, кептіріп жібереді. Сондықтан ол жердегі тұрғындардың басым көпшілігі беттерін жауып жүруге мәжбүр. Тіпті ол бет жабу, намаз оқымаса да дәстүр ретінде қалыптасқандары да бар. Мысалы, Түркияда студент қыздардың басым көпшілігі шеттен келеді. Біздің Алматы кішігірім қала болса, ол жақта студенттер әрбір аудандарда, қалаларда өте көп дамыған. Бірақ бір оқушы оқуға тапсырар кезде өзінің ауылына емес, басқа қалаға барып түседі. Осындай жағдайларда ата-аналары оларға дінмен жүруді, орамал тағуды, әурет жерлерді ашпауды үйретеді. Ата-анасының көзінше ол солай болып ұстанып жүреді. Бірақ университетке барған соң орамалын толықтай шешіп тастайды. Мен сол кезде таңғалғам. Әлеуметтік желіде тарап жатыр ғой, намаз оқиды, сонымен қатар темекі, кальян шегеді дегендердің бәрін сол кезде барып түсіндім. Шынтуайтында, оларда орамал тағу деген салт-дәстүр ретінде қалыпасқан. Намаз оқып дін жолында жүргендер және салт дәстүрге сүйеніп хиджаб кигендер деп екіге бөлуге болады. Сіз сырт келбетпен оларды намаз оқиды немесе оқымайды деп ажырата алмайсыз. Ал біздегі бет тұмшалау дегендердің барлығы тек қана – еліктеу. Бұл біріншіден. Ал екіншіден күйеуінің талабы болса, үшіншіден өздерінің әрекеттерін жасыру үшін. Мәселен, қайта-қайта тұрмысқа шығуы, бірінші әйелі, екінші әйелі дегендей, қоғам біліп қояды деген сияқты. Төртіншіден белгілі бір кәсіп ретінде пайдалану. Ол да шықты қоғамымызда.
–Кәсіп ретінде пайдалану дегенді қалай түсінеміз?
–Менің тәжірибемде бір факт тіркелген болатын. Бір әйел мен сәләфитпін, мен сәләфитпін деп қоймайды. 1995 жылғы, бір баласы бар, ажырасқан. Сөйтіп сұхбаттаса келе, басында психолог сұхбаттасып жүрді, кейін мен қосылдым. Одан кейін менің ол жерде көмегім қажет болмай қалды. Өйткені ол бірде намаз оқиды, бірде намаз оқымайды. Жай ғана сәләфитпін деген бір терминді ұстап алған. Ал шындығында оның діни түсінігінде, діни ұстанымында бір алып бара жатқан нәрсе жоқ. Өзі ниһаб киеді. Жұмысы туралы сұрасақ, түнгі бірде үйден шығып, бесте ораламын дейді. Сөйтсек жеңілтектікпен айналысады екен. «таңнан кешке дейін үйде баламның қасында боламын да, баламды түнде ұйықтатып, түнде сол тірлікпен айналысамын» дейді.
Мен ұстаздардан естігем, кәдімгі Ханафи мазхабын ұстанатын ұстза болып жүрген кісілер, сол кейбір Араб елдеріне барған кезде әйелдеріне ниқаб кигізеді екен. Өйткені, ол жердің салты мен талабы сондай. Ашық жүрген қыздар болса жеңілтек ретінде ретінде көрінеді екен. Олардың түсініктерінде солай қалыптасқан. Сондықтан ол өңірге барғанда әйелдерін солай киіндіруге міндетті болып есептелінеді. Сол сияқты бұл жерде шариғатымызда қара киіну, бет жабу деген нәрсе жоқ. Яғни сен қоғамға өзіңнің зияныңды тигізбеу керексің. Саған қарап Ислам дінінен адам бет бұрып кетпеу керек. Онсызда Ислам дініне қазіргі теріс бағыттағыларлың кесірінен қаншама түсініктер қалыптасып, қаншама кір жағылып жатыр. Мысалы, Ислам діні деген бір ғана дін. Қазір дәстүрлі ислам діні деген түсінік қалыптасып кетті. Дәстүрлі деген ислам діні жоқ, Ислам діні біреу ғана. Христьян діні – христьян, Будда – будда, таза, дәстүрлі деп бөлінбейді. Бірақ исламда ғана осылардың кесірінен сондай түсінік қалыптасты.
–Өзіңіз «Жусан» операциясымен оралғандардың алғашқы лебі келген кезде бірнешеуімен жұмыс жүргізген екенсіз. Осы туралы айтып берсеңіз?
–«Жусанмен» келгендермен сұхбаттасқан кезде менің кәдімгідей жүрегім ауырды. Елге оралған қаншама қазақстандықтар бар, солардың балаларының барлығы кәдімгі соғысқа қатысқан балалар. Олар кімді, нені пышақсыз қалай өлтіру керек, пышақпен қалай өлтірукерек, жалпы қалай өлтіріп тастау керек, яғни бүкіл қағидалардың барлығын біледі. Ертең олардың барлығы біздің қоғамымызда біздің балаларымызбен оқиды, араласады-құраласады, ойнайды. Сонда ол ойындағысын іске асыруы да мүмкін ғой. Оған ешкімге 100 пайыз кепілдік жоқ. Кейін бала ес жиған соң,«сенің ата-анаң, өзің Сирияға барып келіпсің ғой, сенің әке-шешең осындай адасқан екен ғой» десе, ол баланың өшпенділікпен зиян келтірмейтініне кепіл жоқ. Сондықтан бұл өте қиын мәселе. Әсіресе, «Жусанмен» келіп жатқандардың көбісі қоғаммен біздің қоғамға әлі бейімделе алмай жатыр. Мен үш әйелмен кездестім. Солардың өздері ең алғаш келген кезде жүре алмайтынбыз дейді. Тура бомба тастап жіберетін сияқты, біреу артымнан аңдып жүрген сияқты үркеміз дейді. Сөйлесе алмайды. Шынымен, «Жусанның» алғашқы легі келген кезде алматылық бір қызбен кездестім. Қыз ашылмайды, сөйлеспейді. Иә, жоқ, ы деп жауап береді. Ал қазір бейімделіп алған, ішіндегісін айтып, бүкіл сырымен бөлісіп, кәдімгідей байланыс ортанып жатыр. Олардың өкініштісі сол бірінің күйеуі қайтыс болған, екіншісінің күйеуі із-түссіз жоғалған, үшіншісінің күйеуі жарылыс кезінде қаза тапқа. Үш әйел де жесір оралып тұр. Өте жүректі ауыртатын нәрсе, қанша баласымен кетті, қанша жақындарымен кетті, ең соңында жалғыз немересімен оралған әйел де бар. Мен бұрын Қаскелеңде тұрғанмын, ол жерде жалғыз ғана мұсылман дүкені болатын. Мен ол кезде 10-11 оқимын, тойға көйлек іздеуге барғанмын. Бар жақынынан айырылып келген әйелмен сұхбат барысында сұрасам, кәсіппен айналыстым, сауда-саттықпен айналыстым дейді. Есіктен шығып бара жатып, «апай сіз осы қай жерде саттыңыз» десем, «Қаскелеңде» дейді. «Орталықта өтпейтін бір жер болатын, ешкім бизнесін жүргізе алмай тұрған. Сол жерде менің ғана киімдерім өтетін» дейді. «Ол қай жер, бір-ақ жер бар еді ғой кітапхананың қасы» дегенде, «иә, сол кітапхананың қасы менің тұрған жерім» дейді. «Ой, апай, сізден кезінде көйлек алған едім ғой, тәп-тәуір едіңіз ғой» дедім. Қайтейін, бұлай боларын қайдан білейін деп қалды. Шынымен, Сирияда ілігіп кеткендердің басым көпшілігі үй тегін, су тегін, газ тегін, барлығы айтып отыр, барлық жағдай жасалған кезінде дейді. Иә, бәрі тегін, бірақ сенің үстіңнен бомбалап жатқанда олардың не керегі бар? біліп те, білмей де кеткендер бар. өз еркімен кеткендердің ең жасы 16-17 жастағы бозбалалар екен. Қалды, қаншама жетім балалар қалды. Әрине оларды алып келетіндерін алып келді, алып келе алмайтындарын кішкентай бала болса оған ешкім жауапты етіп ала алмайды. Өйткені әркімге өз жаны керек, аман қалу керек. Қазақстандық әйелдер күйеулері қайтыс болғаннан кейін арабтарға тұрмысқа шыққан. Қаншама қазақ әйелдері қалды арабтардың қолында. Барлығы жүректі ауыртатын нәрсе. Жаңағы кісінің туыстарынан үш отбасы кеткен. Өзінің екі баласы бармай қалған екен. бұның қайын ағасы соғыста окоптардың ішінде қашып жүріп, елдегі балаға маза бермейді екен. «Сирияға кел немесе сен де Күлікбаев сияқты қолыңа қару ал, бәрін қыр» деп хабарласа береді екен. соңында бұл жігітті Ұлттық Қауіпсіздік Қызметі тексеріп, ол бала анасына «көкем мазаламасын, менің берекемді қашырып жатыр. Мен қолыма қару алмаймын, мен ондайға қарсымын» деп жүріп әзер тыйыпты. Қазір қайын ағасы қателеспесем, астанада түрмеде отыр. Өзі бір баласының қолында. Дене жарақаттарын алған, бомба үстеріне түскен. Сол кезде қаншама қазақстандық қайтыс болған. Өзі мен немересі ғана тірі қалған. Бас сүйектері мен ми жарақаттарын алған, қолы сынған. Ол жерде медицина дамымаған. Сол жерде қолын тігіп, жалғап беріп жібере салыпты. Тіпті босанып жатқан бір әйелдің үстіне бомба түскен. Үйіндінің астында қалып бала босанған. Тіпті сондай факттар да болды.
–Сириядан келген әйелдердің көбісі зорлық-зомбылық көрдік, еркімізден тыс бірнеше күйеуге шықтық деп келеді. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады?
–Иә, әйелдердің көпшілігі 6-7 рет тұрмысқа шықтым дейді. Шықпасаң болмайды, міндеттейді деп келеді. Жоқ, естуім бойынша, ондай жоқ. Әйелдер қауымы, жесірлер, жетімдер бір жерде тұрады. Әйел адамдар көп болған жерде ұрыс-керіс көп болады ғой. Ал сен ерлі-зайыпты болсаң онда бөлек баспана береді. Әйелдердің көбісі осы үшін, өз тыныштығы үшін, жеке тұру үшін күйеуге шығып отырады екен. Ал жоғарыдағыдай жан түршігерлік әңгімелерді әйелдер өздерін ақтап алу үшін айтады.
Сирияға кетіп жатқандардың басты себебі – әлеуметтік желінің ықпалы ғой. Бір азаматша бар Нашида тыңдаған. Жай ғана қызығып Нашида тыңдаған да, сосын өзінің вконтакте парақшасында жүктеп қойған. Нашиданың аудармасына келген кезде ол да жиһадқа шақыратын ән болып шыққан. Қазір жастардың басым көпшілігі Нашиданы тыңдайды. Мән-мағынасын білмейді, аудармасын білмейді, тыңдай береді. Ол да сөйтіп тыңдаған. Оның парақшасы ашық тұрғаннан кейін оны біреу алып бөліскен. Ал бұл экстремизм мен террроризмді насихаттаған болып есептеледі, оның статьясы бөлек. Сөйтіп бес жылға бас бостандығынан айырылып кетті. Екі баласы бар мектеп жасындағы. Мен білмедім, бен сөйттім, мен бүйттім деген сөзіне ешкім қарамайды, соттап жібереді. Егер парақша жабық тұратын болса, онда ол статьясы кішкене болсын азаятын еді. Қарапайым ғана пікір жазып та ілігіп кетіп жатқандар бар. Біз сайттарда барлығын ақпараттандыруға тырысып жатырмыз. Ал сайттардың ішінде де дұрыс сайттар бар, бұрыс сайттар бар. Көбісі оны да ажырата алмайды. Сондықтан қазақстандық сайттардан ақпарат алса екен дейміз. Өйткені ru дегеннің көпшілігі шетелдік сайттар. Шетелдік сайттарды жабуға Қазақстанның құзіреті жетпейді.
–Әңгімеңізге рақмет!
Ақбота Мұсабек