Парламент Мәжілісінің депутаты Дариға Назарбаева балабақша тәрбиешілері мәселесіне қатысты Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Мектепке дейінгі жекеменшік мекемелер желісінің кеңеюі қоғамдағы шиеленісті бәсеңдетіп, балабақшалардағы бос орын мәселесінің өзектілігін төмендетті. Аталған жекеменшік иелері өз қаражаттарына ғимаратты сатып алып, оның жөндеу жұмыстарын жасайды, соның нәтижесінде мемлекет қазынасы қомақты қаражатты үнемдеп, салық салынатын негіз көзі артады. Жаңа жұмыс орындары ашылып, азаматтарымыз сапалы қызмет алады. Сол себепті мемлекет пен қоғамға аталған саланың маңыздылығы ерекше бөлек. Аталмыш саланың одан әрі дамуы мемлекеттің тұрақты қамқорлығын талап етеді. Бізді білім саласындағы шешімін таппаған және өзекті мәселе болып саналатын мемлекеттік тапсырыс аясында қаржыландырылатын жекеменшік балабақшалардағы педагогтар жалақысының төмендігі мазалап отыр», - деді депутат.
Оның айтуынша, алдағы 2 жыл ішіндегі мемлекеттік тапсырыста мектепке дейінгі жеке меншік мекемелерде педагогтардың жалақы деңгейін көтеру қарастырылмаған еді.
«Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің міндетін атқарушының 2020 жылдың 20 қазанындағы № 452 бұйрығымен «Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің 2017 жылдың 27 қарашасындағы № 597 «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі кредиттік технологиямен білім берудің жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру Әдістемесін бекіту туралы» бұйрығына өзгертулер енгізу арқылы, аталған Әдістемеге өзгертулер енгізілген.
Мектепке дейінгі білім беру ісіне байланысты Әдістемеде төмендегі ескерілген:
1. 2019 жылдың 1 қаңтарынан және 1 маусымынан бастап өсуін ескере отырып, лауазымдық жалақыны есептеу барысында коэффиценттердің өсуі;
2. Ресми жалақыға түзету коэффицентін 2020 жылы 25%, 2021 жылы 50%, 2022 жылы 75%, 2023 жылы 100% мөлшерінде енгізу;
3. Педагогтардың еңбек демалысының ұзақтығын 56 күнтізбелік күнге дейін арттыру.
«Дегенмен аталған бұйрық жергілікті мекендерде орындалмай отыр. Салдарынан жеке меншік балабақшаларының педагогтары өз еңбектерінің адал төлем ақысын ала алмай отыр. ҚР «Білім туралы» Заңының 6 бабы 3 тармағының 7-1 тармақшасы және 2 тармағының 7-3 тармақшасына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар мектепке дейінгі тәрбие беру және оқыту ісіне мемлекеттік тапсырысты бекітеді. Егер де жергілікті бюджетте қаражат тапшылығы жағдайында жан басына қаржыландыру тетігін іске асыру үшін республикалық бюджеттен мақсатты ағымдағы трансферттер есебінен шығындарды өтеу қарастырылған. Қазіргі уақытта әкімдіктер бір балабақша тәрбиеленушісіне жан басына шаққандағы нормативтің мөлшерін ерікті түрде анықтайды, ал бұл белгіленген нормативтің орташа мөлшерінен едәуір төмен. Нәтижесінде жекеменшік балабақшалар мен педагогтер тиісті қаржыны ала алмай отыр. Көптеген мамандар жұмысынан айырылып, мекемелер жабылуда», - деді Д. Назарбаева.
Депутат жоғарыдағыны ескере отырып, облыстардағы мемлекеттік тапсырыстың көлемі қалай қалыптасатыны, жеке қаржыландыру аясында бөлінген қаражат жергілікті атқарушы органдармен іс жүзінде қайда бөлінетіні, жергілікті атқарушы органдардың жеке қаржыландырудың көлемін төмендетуге құқығының бар-жоғы туралы сұрақтарды жолдады.
«Аймақтарда мемлекеттік тапсырыстың қалыптасуы мен оның жүзеге асуын кім бақылайды және қалай жүзеге асырады? Жергілікті бюджеттердің жетіспейтін қаражатын республикалық бюджеттен өтеу механизмі қандай?», - деп сұрады Д. Назарбаева Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында.