18 сәу, 2017 сағат 14:33

Назарбаев Түркіменстанның басшысы Гурбангулы Бердімұxамедовті қабылдады

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада Түркіменстанның басшысы Гурбангулы Бердімұxамедовті қабылдады. Салтанатты шарадан кейін президенттер шағын құрамда кездесіп, өзара пікір алмасты, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"25 жылдың ішінде біздің арамызда шешілмеген мәселе болмаған. Қазақстан мен Түркіменстан арасындағы қарым-қатынас қалай орнады, солай дамып келеді. Сыртқы саясат жағынан да ынтымақтастық бар. Біз Түркіменстанның xалықаралық бастамаларын үнемі қолдап отырамыз. Түркіменстан да біздің бастамаларымызды қолдап келеді. Екі жақты ірі жобалардың бірі - "Қазақстан-Түркіменстан-Иран" теміржолы. Жібек жолының бағыты деуге болады. Аталған мәселе мамырдың 15-сі күні Бейжіңде өтетін "Бір белдеу-бір жол" атты үлкен форумда да талқыланады. Оны басты маршрут ретінде қарастырып жатыр. Біздің ендігі мақсатымыз - осы жолды барынша толтыру. Бүгін біз басқа да маңызды мәселелерді талқылап, екіжақты ынтымақтастықты нығайтатын бірқатар құжаттарды рәсімдейміз", - деді Н.Назарбаев.  

Өз кезегінде Түркіменстан президенті Бердімұxамедов ата-бабалардан бері келе жатқан өзара достық пен татулықтың мызғымас дәстүрінен бастап, бейбітшілікті ту еткен екі елдің қазіргі көзқарасы ортақ екенін жеткізді.  

"Түркіменстан мен Қазақстанның xалықаралық аренадағы ұстанымы да ұқсас. Біз бейбітшілік пен тұрақтылықтың аймақтық дәрежеде ғана емес, барша әлемде орнағанын қалаймыз. БҰҰ болсын, ЕЫҚҰ болсын, біз "ашық есік" саясатын жүргізіп келеміз. Осы орайда Сізге де, Нұрсұлтан Әбішұлы, өз алғысымды жеткізейін деп едім. Себебі Сіз біздің бастамамызды қолдап қана қоймай, өз үлесіңізді де қостыңыз. Енді, 12 желтоқсан - Халықаралық бейтараптық күні ретінде жарияланды. Біз де Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі бастамаларын қуана-қуана қолдаймыз. Осылайша, екі ел де бейбітшілік пен тұрақтылықты қалайтынын көрсетіп келеді", - деп атап көрсетті Түркіменстанның басшысы.