Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстанға 100 миллион доллар бөлу туралы құжатқа қол қойды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.
"Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы еуразиялық экономикалық интеграция жағдайында экономикалық ынтымақтастықты дамыту туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды", - делінген Ақорданың сайтында.
Айта кетейік, Парламент мәжілісінің жалпы отырысында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мамыр айында Еуразиялық экономикалық интеграция жағдайында экономикалық ынтымақтастықты дамыту туралы Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтері арасындағы келісім аясында Қазақстан қырғыз еліне 100 миллион доллар көлемінде қаржылай көмек көрсететінін хабарлаған еді.
"Келісімге сәйкес қазақстандық тарап Қырғыз Республикасының Еуразиялық экономикалық одаққа интеграциясы үдерісіне жәрдемдесу мақсатында қырғыз тарапына 100 миллион АҚШ долларына барабар көмек көрсетеді", - деген еді Сүлейменов Парламент мәжілісінің жалпы отырысында.
Еске салайық, Қазақстан 2014 жылы да Қырғыз еліне көмек ретінде 100 миллион доллар бөлген еді. Сол кезде көрші елдің басшысы Алмазбек Атамбаев қазақстандықтарға Елбасыны қадірлеуге шақырған. "Біз Еуразиялық экономикалық одаққа еніп жатырмыз. Әрине, Қазақстанда артық ақша жоқ. Бірақ Қазақстан Қырғызстанды қолдауға 100 миллион доллар бөліп отыр - бауырлас елден, бауырдан басқа кім мұндайды жасайды?", - деген еді Атамбаев Назарбаевтың қолынан орденмен маратталғаннан кейін.