29 сәу, 2019 сағат 18:17

Назарбаев қолындағы гүл шоқтарын қыз-келіншектерге таратып берді (Видео)

Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында қолындағы гүл шоқтарын залдағы нәзік жандарға таратып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Қазақстан халқы Ассамблеясы сессиясының соңында өткен мерекелік концертте Назарбаевтың грек-рим күресінен алғашқы жаттықтырушысы Лев Ежевский Елбасыға Кубок пен кітап сыйға тартты.


Лев Ежевский тұңғыш президентке күрестің қыр-сырын Днепродзержинскте үйреткен екен.

"Бірде жаттығу өткізіп жатсам, қасыма бір жігіт келіп, күреске жазылғым келеді деді. Есімін сұрадым. "Нұрсұлтан" деп жауап берді. Бұған дейін күреспен шұғылдандың ба деп сұрадым. "Иә, әкем мені қазақ күресіне үйреткен" деді. Олай болса, жарайды, кел дедім. Осылайша ол күреске жазылды. Өте табанды, батыл болатын, көп ұзамай жарыстарда бақ сынап, жүлделі орындарға ие болды. Менен көбі "егер де ол кетіп қалмағанда, кім болар еді деп сұрайды. Әлем чемпионы болар еді жауап қатамын", - деді Елбасының алғашқы бапкері.

Осыдан кейін ол залда отырған шәкірті Нұрсұлтан Назарбаевқа Кубок пен кітап сыйға тартты. Ал қыздардың бірі Елбасыға гүл шоғын сыйлады.

Назарбаев сахнадаға әртістер ән айтып жатқанда, қолындағы раушан гүлдерін концерт тамашалап отырған қыз-келіншектерге өзі жүріп таратып берді.