22 мау, 2017 сағат 18:08

Назарбаев халықаралық компания басшыларымен келіссөздер жүргізді

Нұрсұлтан Назарбаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің пленарлық отырысы аясында бірқатар екіжақты кездесу өткізді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы Шетелдік инвесторлар кеңесінің пленарлық отырысына қатысу кезінде бірқатар халықаралық компания басшыларымен бірлескен келіссөздер жүргізді.

Атап айтқанда, Қазақстан Президенті «Эни С.п.А.» компаниясының бас атқарушы директоры Клаудио Дескальцимен, «Ройял Датч Шелл» концернінің бас атқарушы директоры Бен ван Берденмен және «ЛУКОЙЛ» компаниясының президенті Вагит Алекперовпен әңгімелесті.

Келіссөздер барысында компаниялардың Қазақстанның мұнай-газ саласындағы қызметінің негізгі бағыттары талқыланып, Қарашығанақ пен Қашаған кен орындарын игеру үдерісін одан әрі үйлестіру мен жоспарлаудың өзекті аспектілері қаралды.

Компаниялар басшылары Шетелдік инвесторлар кеңесінің жұмысы табысты екенін атап өтіп, Нұрсұлтан Назарбаевқа республикада қолайлы инвестициялық ахуал жасағаны үшін алғыс айтты.