23 мау, 2017 сағат 10:13

Назарбаев: Қазақтың тарихи Отаны біреу ғана, ол - Қазақстан!

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында сырт елде жүрген қандас бауырларға алғыс айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ардақты ағайын, құрметті бауырлар! Дүниежүзі қазақтарының бесінші құрылтайына келген баршаңызға қазақтың қастерлі атажұрты - Қазақ Еліне, оның бас ордасы - Астанамызға қош келдіңіздер деймін! Жаңа айтып кеткендей, алқалы жиынға алты құрлыққа жайылып кеткен 350-ден астам қандас делегаттарымыз келіп отыр. Қайда жүрсе де, қазақтың тарихи Отаны біреу ғана, ол - Қазақстан! Атамекеніміз жалғыз! Ол - бір уыс топырағына дейін қасиетті біздің Ұлы дала Қазақ Еліміз!», - деді Елбасы Құрылтайдың ашылу салтанатында.

«Бүгінгі басқосуға менің қолымда бар мәлімет бойынша, жас буын өкілдері қатысып отыр. Себебі жас ұрпақ түбі, тарихы, негізі - қазақ елінде екенін ешқашан ұмытпайды. Олардың ата-аналарына өте үлкен рахметімізді айтуымыз керек. Олар тамырын тарихи Отанында жаюды ойлайды. Туған елмен байланысын нығайтып, ата салтын сақтап, ана тілін ұмытпауға тырысады», - деді Президент.

Айта кетейік, Астана қаласында Дүниежүзі қазақтарының V Құрылтайы өз жұмысын бастаған болатын. Құрылтай жұмысына барлығы 800 делегат пен қонақ қатысуда, оның 350 адамы алыс және жақын шетелдердегі әлемнің 39 елінен келді. Бұл - ғылыми-шығармашылық және педогогикалық зиялылар өкілдері, бизнес, спорт, бұқаралық ақпарат құралдары салаларының мамандары, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың қызметкерлері. Құрылтай делегаттары мен қонақтарының 80 пайызы мұндай іс-шараға алғаш рет қатысуда.

Дүниежүзі қазақтарының V Құрылтайының салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев, ҚР Парламентінің Сенат және Мәжіліс депутаттары, министрлік пен ведомствалар басшылары, түрлі партиялардың, қоғамдық қозғалыстардың көшбасшылары, Қазақстандағы ұлттық-мәдени орталықтардың басшылары келді.

Жоспар бойынша, Құрылтай аясында Ұлттық академиялық кітапханада белгілі дінтанушы-ғалымның 100 жылдығына арналған «Халифа Алтай және тарихтың оралуы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.

Дін істері және азаматтық қоғам, Білім және ғылым, Ақпарат және коммуникациялар, Мәдениет және спорт, Денсаулық сақтау министрліктері Құрылтайдың шетелдік қонақтарымен «дөңгелек үстел» отырысын өткізеді.

Құрылтай делегаттары мен қонақтары «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесімен танысады, этноауылды аралайды және «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында ұлттық музыкамыздың алтын қорына кірген Евгений Брусиловскидің «Қыз Жібек» операсын тамашалайды.

Дүниежүзі қазақтарының құрылтайының баспасөз орталығында 150 отандық және шетелдің БАҚ өкілдері ақпарат таратуда.

1992 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Құрылтай дүниежүзінің түкпір-түкпірінде тұратын этникалық қазақтардың кездесу орны әрі бірегей сұқбат алаңы болып табылады.