14 там, 2017 сағат 12:30

Назарбаев Еуразиялық үкіметаралық кеңес мүшелерімен кездесті

Мемлекет басшысы Еуразиялық үкіметаралық кеңес мүшелерімен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

 

Кездесуге Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Б.Сағынтаев, Армения Республикасының Премьер-Министрі К.Карапетян, Беларусь Республикасының Премьер-Министрі А.Кобяков, Қырғыз Республикасының Премьер-Министрі С.Жээнбеков, Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Д.Медведев, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Т.Саркисян қатысты.

Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық үкіметаралық кеңес мүшелерінің елордаға келгендеріне қуанышты екенін жеткізіп, кездесудің Астана қаласындағы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесімен тұспа-тұс өтіп отырғанын айтты.

– Үкіметтер басшыларының өз мемлекетінің ұлттық павильондарына баруға, сондай-ақ Қазақстан мен өзге елдердің экспозицияларын аралап көруге мүмкіндіктері бар. Еуразиялық экономикалық одақтың үшінші жыл жұмыс істеп жатқанын атап өткен жөн. Бұл кезең әлемдегі және одаққа мүше елдердің ұлттық экономикасындағы күрделі ахуалдарға байланысты болып отыр. Сонымен қатар, ортақ нарық пен бірыңғай экономикалық құрылым құру басты фактор болып саналады, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы экономиканың өсімі елдер арасындағы тауар айналымының артып, өзара қарым-қатынастардың нығаюына тікелей байланысты екенін айтты.

– Біз осы уақыт ішінде дұрыс бағытта ілгерілей алдық деп есептеймін. Қазір орын алып отырған бірқатар мәселеге қарамастан, Еуразиялық экономикалық одақты нығайтуымыз қажет. Алдымызда ел ішіндегі мәселелерді шешіп, өзара қарым-қатынасымызды одан әрі дамыта түсу міндеті тұр. Бұл жұмыстағы негізгі рөлді үкіметтеріміз атқарады. Бұл дегеніміз – экономикалық міндеттерді шешу, мемлекеттер арасындағы өзара іс-қимыл мәселелерін реттеу, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңында Қазақстан Президенті кеңестің бүгінгі отырысы арқылы ұйымды әрі қарай дамытуға маңызды үлес қосылатынын атап өтіп, қатысушылардың жұмысына жеміс тіледі.