Ingenuity 8 сәуірде Қызыл планетаға алғашқы рейс жасайды деп күтілген еді. Алайда уақыты себебін түсіндірместен кейінге қалдырылды.
Марстағы Ingenuity тікұшағының алғашқы сынақ ұшуы 11 сәуірден ерте болмайды, деп жазады NASA баспасөз қызметі.
NASA тікұшақтың планетаның минус 90 градусқа дейін төмендейтін алғашқы суық түнінен аман қалғанын айтты.
Бастапқыда салмағы небәрі 1,8 кг болатын алғашқы марсиандық тікұшақ Perseverance-тің ішінде болды. Ingenuity марс кемесінен бөлініп, Езеро кратеріне түсірілді.
Perseverance кемесі мен Ingenuity тікұшағы бар Atlas V зымыран тасығышы 2020 жылдың шілде айының соңында Кейп Канавералдағы ғарыш айлағынан ұшырылды. Ақпан айында америкалық ровер Қызыл планетаға қонып, алғашқы суреттерді Жерге жіберді.
Езеро кратеріне қонған Ровер тіршілік іздерін іздемек.