Германияда өткен Digital Life Design (DLD) еуропалық инновациялық конференциясына қатысушылар Димаш Құдайбергеннің көрсеткен өнерінен кейін орындарынан тұрып, ұзағынан ду қол шапалақ соқты, деп хабарлайды ҚазАқпарат dimashnews.com сайтына сілтеме жасап.
DLD – әлемді цифрландыруға өз үлестерін қосуға тырысатын адамдар үшін құрылған үлкен халықаралық алаң. Онда саясат, ғылым, мәдениет және өнер саласындағы танымал визионерлер өз тәжірибесімен бөліседі. Конференцияға бірнеше жыл бойы қатысып келе жатқан спикерлердің арасында Facebook негізін қалаушы Марк Цукерберг, әнші Леди Гага, Microsoft компаниясының бас директоры Сатья Наделла, Twitter-дің негізін қалаушы Джек Дорси, iPhone өнертапқышы Тони Фаделл және басқалар бар.
Сондай-ақ шараға танымал музыкалық орындаушылар шақырылады. Mobilium Global компаниясының бас директоры Ральф Саймон бұл жолғы конференцияға Қазақстан әншісі Димаш Құдайбергенді шақыруды ұсынған.
Осылайша, биыл DLD-дің басты сахнасында алғаш рет қазақ халық аспаптары шырқалды. Димаш Олжас Құрманбектің қобызбен сүйемелдеуімен «S. O. S» және «Stranger» әндерін орындады.
«Димаштың өнер көрсетуі аяқталғаннан кейін көрермендер орындарынан атып тұрып, ду қол шапалақ ұрды. Бұл Қазақстан әртістерінің DLD сахнасында алғаш өнер көрсетуі болды», – деп бөлісті Ральф Саймон.
Сондай-ақ Mobilium Global бас директоры жұртшылық домбыра мен қобыздың таңғажайып үніне қайран қалғанын атап өтті.
«Менің ойымша, бұл Димаштың нағыз триумфы болды. Айтпақшы, мұны Германияның концерттердің танымал промоутері де айтып өтті. Ол оның (Димаштың – ред.) өнерін тамашалау үшін Берлиннен Мюнхенге арнайы ұшып келді», - деді ол.