26 ақпанда Қазақстан аумағына Латвия, Қытай, Шри-Ланка, БАӘ, Мысыр, Түркия, Армения, Грузия, Ресей, Беларусь, Өзбекстан және Қырғызстаннан 27 халықаралық әуе рейсі ұшып келді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінен мәлім еткендей, бір тәулікте елімізге барлығы 3 633 жолаушы ұшып келді. Оның 3 294-інде коронавирусқа ПТР-тестілеудің теріс нәтижесі бар анықтама болған. Қалған 339-ы ПТР-анықтамасыз келген, барлығы да Қазақстан азаматтары.
Атап айтқанда:
- Алматы қаласының әуежайына – 13 рейс, 2 270 жолаушы, анықтамамен - 2 052, анықтамасыз - 218;
- Нұр-Сұлтан қаласының әуежайына – 10 рейс, 1 260 жолаушы, анықтамамен - 1 139; анықтамасыз - 121;
- Ақтау қаласының әуежайына – 2 рейс, 87 жолаушы анықтамамен келген;
- Қарағанды қаласының әуежайына – 2 рейс, барлық 16 жолаушы анықтамамен келген.
Анықтамасы болмаған Қазақстан азаматтары келген жерлері бойынша COVID-19-ға ПТР-талдау әдісімен тестіленді және карантиндік стационарларда өз нәтижелерін күтуде.
Сондай-ақ мәлім етілгендей, 25 ақпанда шетелден анықтамасыз келген Қазақстанның 496 азаматының коронавирусқа тест нәтижелері дайын болған. Оған сәйкес, «Шарм-эль-Шейх – Нұр-Сұлтан» рейсіндегі 1 жолаушыдан коронавирус инфекциясы анықталды.