Мәскеуде Никитский көшесінде Мьянма елшілігінің алдында мұсылмандар рұқсат етілмеген митинг өткізіп жатыр, - деп хабарлайды "Ведомости".
Ресей астанасында бүгін жүздеген мұсылман Мьянмада этникалық рохинджа тобын қудалауға салуға наразылық білдіріп, қала орталығында рұқсат етілмеген акцияға шыққан. Ресейлік "Дождь" телеарнасының хабарлауынша, Мәскеудегі Мьянма елшілігі жанына жиналған наразылар "Аллаху акбар!" деп айғайлаған. Ол жерде тұрған полиция өкілдері наразылық акциясына араласпай, сырттай бақылап тұр.
Тұрғындарының басым бөлігі буддизм дінін ұстанатын Мьянма республикасында мұсылман рохинджалар жергілікті билік тарапынан қысым көріп отыр. Этникалық азшылық топтың 75 мыңнан астам өкілі жақында елден қашуға мәжбүр болған. Мьянмада соңғы апталарда буддистер мен мұсылмандар арасындағы қақтығыстар салдарынан 400-ден астам адам мерт болған.
Ресей құрамындағы Шешенстанның басшысы Рамзан Қадыров Мьянмадағы мұсылмандарды қудалауды айыптаған. Шешенстанмен көрші Дағыстанда рохинджаларды қолдау акциясы өткен.
Ресей сыртқы істер министрлігі Мьянмадағы жағдайға Мәскеудің "мұқият назар аударып" отырғаны туралы мәлімдеп, жанжалға қатысушы тараптарды диалог орнатуға шақырған.
Бұл елде жағдай 25 тамызда ушығып кеткен, жергілікті биліктің мәліметінше, қақтығыс "Аракан әскері рохинджа содырларының" Ракхайн штатында (ескі атауы - Аракан) 30 полиция бекетіне және армия казармасына жасаған шабуылынан басталған-мыс.
Қазақстандықтар әлеуметтік желілерде #arakan #rohingnya #аракан #prayforrohingya хештегтері бойынша жазба қалдырып жатыр.