Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттары минималды технологиялық режимге көшірілді. Бұл туралы ҚР Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Біз мұнай өңдеу зауыттарын минималды технологиялық режимге көшірдік. Бұл шаралар жанар-жағармай материалдарын сақтау қоймаларының толып кетуін болдырмауға бағытталған. Осындай жағдай Ресей бойынша байқалып отыр. Карантин шараларының біртіндеп жеңілдетілуін ескере отырып, мұнай өнімдерін пайдалану бойынша алдағы уақытта оңтайлы қарқынды көретін боламыз», - деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметінде.
Сонымен қатар ол дизель отынын өткізуге қатысты жағдайға тоқталды.
«Қазіргі кезде дизель отыны бойынша ешқандай проблеманы көріп тұрғанымыз жоқ. Көктемгі егіс жұмыстарының арқасында жүк көліктеріне дизель отынының қажеттігі тиісті деңгейге көтерілді», - деді Әсет Мағауов.