ҚР Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов мұнай мен газ саласында қанша жұмысшы қысқартылғанын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Біз жағдайды тұрақты бақылап отырмыз. 13 мамырдағы жағдай бойынша жалақысы сақталмайтын демалыстағы жұмысшылардың саны 500-ге жуық адам. Сонымен қатар, толық емес жұмыс күнімен қамтылған 398 адам болса, жалақы төлеміне қатысты жұмысы уақытша тоқтаған 2 200 адам тіркелді. Яғни, жаппай тікелей қысқартулар болмағанын көріп тұрмыз. Атап айтқанда, мұнай саласында 40 адам қысқартылған, сондай-ақ өздерінің шешімімен 90 адам қызметінен кеткен», - деді вице-министр бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде.
Оның атап өтуінше, жұмыс орындарын сақтап қалуға байланысты тиісті шаралар атқарылатын болады.
«Мониторинг аясында облыс әкімдіктері ірі компаниялармен кешенді жоспарларды әзірледі. Осы орайда жұмыс орындарын сақтау бойынша мұнай және газ компанияларымен жаңа меморандумдарды бекіту ескеріліп отыр. Сонымен қатар, жұмысшылардың еңбек құқықтарын сақтауға қатысты қадағалау шаралары күшейтілді», - деді Әсет Мағауов.