09 мау, 2020 сағат 15:33

Мұхтар Тілеуберді ресейлік әріптесімен ынтымақтастық мәселелерін талқылады

Бүгін Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен бейнебайланыс режимінде келіссөз өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ҚР СІМ-нен мәлім еткендей, сыртқысаяси ведомстволардың басшылары саяси, экономикалық салалардағы, соның ішінде транзиттік-көліктік, энергетикалық және әскери-техникалық бағыттардағы Қазақстан-Ресей жан-жақты стратегиялық әріптестіктің ағымдағы жағдайы мен даму перспективаларын талқылады. 

Тараптар сондай-ақ, ТМД, ЕАЭО, ҰҚШҰ, ШЫҰ, БҰҰ аясындағы кооперация мәселелерін қарастырды.

Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 75 жылдығына арналған салтанатты іс-шараларға қатысу үшін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге алдағы сапарына дайындық мәселелері талқыланды.

«Сонымен қатар, М. Тілеуберді мен С. Лавров ағымдағы жылдың қараша айында Көкшетауда өтетін Қазақстан мен Ресейдің XVII Өңіраралық ынтымақтастық форумына дайындығын қарастырды», - деді ҚР СІМ-нен.