04 жел, 2017 сағат 11:35

Мұхамедиұлы: Аш адам шығармашылықтың шыңына жетедi

Бүгiн Үкiмет сағатында ҚР Мәдениет және спорт министрi Арыстанбек Мұхамедиұлы өнер және мәдениет қызметкерлерiнiң еңбекақысы жайлы айтып бердi, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

Жиында Мәжiлiс депутаты Қуаныш Сұлтанов министрден «өнер, мәдениет еңбеккерлерiнiң еңбекақысын төлеу жүйесiне түбегейлi реформа қажет деп ойлайсыз ба?» деп сұрады.

«Қазiр бiзде өнер саласындағы жалақы өте төмен деңгейде. Дегенмен, өздерiңiз де көрiп отырсыздар, бiздi - өнер адамдарын ешкiм еркелетiп отырған жоқ. «Аш адам шығармашылық шыңына жетедi» деген пiкiр бар. Оған Бетховен, Моцарт пен тағы басқалар мысалға келтiрiледi. Бұл тұлғалар кедей тұрса да, ұлы шығармаларды өмiрге әкелген. Қаржыгерлер дұрыс айтатын шығар. Аз қаржыландыру көлемiне қарамастан бiздiң таланттар халықаралық деңгейде танылып жатыр. Дегенмен, әрине жоғары деңгейдегi әртiстер жетiстiктерге өз талантымен жетедi. Ал кiтахана, музей мен мәдениет үйлерi сияқты осал салалар қаржыландыруды талап етедi», - дедi Мұхамедиұлы.

Ал Қаржы вице-министрi Татьяна Савельева 2005-2011 жылдар аралығында мәдениет қызметкерлерiнiң еңбекақысы 5 рет ұлғайтылғанын айтты.

«Әр өсiрген сайын жалақы 25-30 пайызға ұлғайтылды. Соңғы рет еңбекақы 2016 жылы көтерiлдi. Ол кезде Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi жалақы төлеудiң жаңа жүйесiн енгiзген болатын. Бұнда мәдениет қызметкерлерi еңбекақысының денсаулық сақтау және бiлiм беру салаларынан аз екендiгi ескерiлiп, 40 пайызға ұлғайтылды», - дедi Савельева.

Ал Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау вице-министрi Светлана Жақыпованың мәлiметiнше, ең осал салаларға кiтапханашылар мен мұрағатшылар жатады. Бүгiнгi күнi кiтапханашылардың жалақысы 50 мың теңгеден 70 мың теңгеге көтерiлсе, мұрағатшылар жалақысы 44 мың теңгеден 62 мың теңгеге ұлғайтылған.