Режиссер Болат Қалымбетовтің «Мұқағали» көркем фильмінің көрсетілімі пандемияға байланысты кейінге қалдырылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясына сілтеме жасап.
«Бүгін қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың туғанына - 90 жыл. Белгілі режиссер Болат Қалымбетовтің фильміне оның қилы тағдыры мен мағыналы ғұмыры негіз болды. Небәрі 45 жыл ғұмырында өлмес өлең жазып, өшпес із қалдырған ақын тірісінде лайықты бағасын алмады. Алайда өмірін шығармашылыққа арнаған ақын ешқашан мойыған емес.
«Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Мұқағали» фильмінің тұсаукесері пандемияға байланысты кейінге шегерілуде, бірақ осы күзде көрермендер бұл фильмді үлкен экранда көреді деп үміттенеміз», - деп жазылған киностудияның Facebook парақшасында.
Еске сала кетейік, фильмнің түсірілім жұмыстары өткен жылдың маусым айында басталған. Негізгі эпизодтар Алматы облысы мен Алматы, Өскемен қалаларында және Санкт-Петербургте түсірілді. Картинаға ақын өмірінің соңғы жылдары арқау болған.
Мұқағали Мақатаев – қазақтың лирик ақыны. Аз ғұмырында бірнеше лирикалық жыр жинағы мен дастандары жарық көрген. Аударма саласында Шекспирдің сонеттерін, Дантенің «Құдіретті комедиясын» қазақшалады. Ақынның «Саржайлау», «Сөнбейді әже, шырағың», «Кел, еркем, Алатауыңа» өлеңдеріне сазгер Нұрғиса Тілендиев ән шығарған.
Мұқағали Мақатаев 1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысы қазіргі Райымбек ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келіп, 1976 жылдың 27 наурызында Алматыда дүниеден өткен.