Фото: ulus.media
Ult.kz-те жиһанкез журналист Динара Болаттың өзге пайымы
Қазіргі қоғамда мүгедек балалардың саны жыл сайын артып келеді. Бұл қазіргі таңның шынайы көрінісі. Әрі біз бұл фактіні жоққа шығармай, өзімізді бұл тақырыптан алыс ұстамай қалыпты қабылдауымыз тиіс. Әрі «менде жоқ мәселенің маған қатысы жоқ» деу де қате түсінік. Бұл мәселе тек мүгедек балалары бар отбасына ғана қатысты емес, баршамызға ортақ.
Ерекше балалары көп қоғамның әрекеті тек оларға көшеде, ғимараттарда кезексіз орын беріп, пандустар салумен шектелмейді. Ең басты мәселе ‒ адамдардың қатынасы. Мүгедек балаларды құрметтеу, оларды қоғамның тең мүшесі ретінде қабылдау ‒ барлық адамның міндеті. Бұл үшін қоғамдық сана өзгеруі қажет.
Біз әртүрліміз. Бірақ барлығымыз теңбіз
Елімізде инклюзивті білім беру бағдарламасы іске қосылғалы біраз болды. Алайда мүгедек балаларға қатысты кемсітушілік, түсініспеушілік мәселесі балабақ мен мектеп қабырғасында да, аула мәдениетінде де әлі де өзекті.
Адамның бір-біріне деген қатынасын басындағы түсініктер билейді. Сол себепті енді қалыптасып келе жатқан балаларға айналасында өзінен бөлек ерекше балалардың да барын, олардың сыйластық пен қолдауға лайық екенін түрлі әдіспен түсіндіру қажет.
Ол тәрбие сағаттарында мүмкіндігі шектеулі адамдар туралы стереотиптерді, яғни қате түсініктерді талдап, шын мәнінде қалай екенін ашып айтудан басталады. Біздің елде де мүгедектігі бар жетістікке жеткен спортшылар, ғалымдар, өнер иелері баршылық. Олардың мақсатқа жету, еңбектену жолында былайша адамдарда кездесе бермейтін ерік-жігер, ақыл-ой, өмірге құштарлық қасиеттерінің басымдылығын мысалға келтіріп, үй тапсырмасы ретінде осы тақырыпта мотивациялық кино көруді тапсырып, оны талқылап, мүгедек болса да ұмтылған адам үшін бәрі мүмкін екенін көрсету қажет.
Одан бөлек кейде балабақша, мектептегі балалар түгіл, ересектердің өзінде де өзіне ұқсамайтын адамға қатысты төзімділік пен түсіністік мәдениеті жетпей жатады. Қажет болса ата-аналарға бөлек жиналыс, тәрбие сағатын өткізген де артық етпейді. Себебі бала ‒ әрқашан ата-анасының қоғамға қатынасының айнасы. Үлкендер қалай сөйлеп, қалай басқа адамдарға қатынас құрса дәл соны өз айналасына көшіреді. Сондықтан ата-аналармен тіл мәдениетін сақтау туралы сөз етсе болады. Мәселен ол «ауру бала» емес, «есту қабілеті төмен бала», «ерекше бала», «ерекше қажеттілігі бар бала» деп сөйлеп үйрету. Тәрбиеші мен мұғалім, балабақша және мектеп әкімшілігі кемсітушілік пен мазақтау жағдайлары орын алатын болса қатаң шаралар қолданылатынын ескертіп, сол тәртіпті ұстанатындарын көрсету маңызды.
ПАЙЫМ
Басты мәселе мүгедек баласы бар отбасылар, баланың өзі қоғамнан бөлек, оқшауланып қалмауы керек. Өзін бұл өмірде қажетсіз, қабілетсіз сезініп, онсыз да ауыр күйге душар болмас үшін қоғамның әр мүшесі сөзіне, әрекетіне мұқият болуы тиіс. Онсыз да денсаулық жағдайындағы мәселелерімен сонша уақыт өздері күресіп, қоғамнан қалыс қалмай дамуға, өсуге, бірге болуға ұмтылған бала мен оның отбасын кеудеден итермей, құшағын айқара ашып қарсы алатын қоғам болып, жан жақты қолдау көрсете білсек ‒ міне, біздің ізгілігіміз!Динара Болат