29 нау, 2022 сағат 16:56

Мұғалімдердің біліктілігін арттыру маңызды



Рауан Шынтаева Алматы облысында Еңбекшіқазақ орта мектебінде мұғалімдік қызмет атқарғанына 20 жылдан астам уақыт болған. Ол әр бес жыл сайын Алматы қаласындағы «Өрлеу» мұғалімдерді қайта даярлау орталығында білімін жетілдіріп отырған. Енді ҚР Білім және ғылым министрлігінің шешімімен, мұғалімдер әр үш жыл сайын біліктілігін арттырып отыруы міндетті, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Ал 20 жыл еңбек өтілі бар ұстаздың айтуынша, мұғалімдердің біліктілігін арттыру білім алушылар үшін де, мұғалімнің өзі үшін де өте маңызды.

«Кәсіби біліктілікті арттыру кез келген маман үшін өте маңызды. Ұстаздық еткелі 4-5 рет біліктілікті арттыру бойынша «Өрлеу» орталығында дәріс алдым. Негізі Дамыған елдерде өте жиі, тіпті жыл сайын да біліктілікті арттыу бойынша жұмыстар жүретіні белгілі. Біздің елде мұғалімдерге деген мемлекеттік қолдау жыл сайын артып келеді. Еңбекақы өсіп, сағаттар көбейіп, оқушылармен, олардың ата-аналармен қарым-қатынас жасауымызға, алаңсыз еңбек етуімізге жағдай жасалып келе жатыр», - дейді Еңбекшіқазақ орта мектебінің мұғалімі Рауан Шынтаева.

Осы орайда, ҚР Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасы Гүлмира Кәрімова педагогтердің біліктілігін 3 жылда бір рет арттыруға қатысты түсінік берді.

«Дамыған елдердің халықаралық тәжірибесін қарастырсақ, Сингапур, Финляндия сияқты елдерде біліктілікті арттыру жылына кемінде бір рет, ал Ресей Федерациясында кемінде үш жылда бір рет жүзеге асырылады. Курстарды оқытудан басқа, бұл елдерде педагогтердің біліктілігін арттыру үшін кәсіби қоғамдастықтардағы жұмыс жүйесі, конференцияларға қатысу, үздік педагогтердің сабақтарына қатысу және кәсіби дамудың басқа да нысандары пайдаланылады», - деді ҚР Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасы Гүлмира Кәрімова.

Ресми статистикаға сүйенсек, Қазақстан әлемнің 48 елімен қатар TALIS халықаралық зерттеу нәтижелері бойынша қазақстандық педагогтердің 86%-ы кәсіби даму бойынша іс-шараларға қатысудың педагогикалық практикаға оң әсерін тигізетін болған. Педагогикалық қызметті жаңадан бастаған мұғалімдердің шамамен 70%-ы кәсіби деңгейінің жеткіліксіздігіне, мектеп ортасына бейімделуге байланысты қиындықтарға тап болады. Осыған байланысты, жас педагогтер кем дегенде үш жылда бір рет біліктілігін арттыруды қажет етеді.

«Оқуды жаңадан бітіріп, қызметке жаңадан араласқан уақыттарда біліктілік бойынша тәлім алудың маңыздылығын қатты сезіндім. Өйткені тәжірибесі жоқ маман үшін бұл өте маңызды. Қанша жыл мұғалім болсаң, сонша жыл біліктілігіңді арттырып отыруың керек. өйткені жыл сайын оқулықтар, оқыту әдістері өзгеріп, оқушылар да жыл сайын түрлі-түрлі болып келеді. Сондықтан заманға сай бәрін де қайта оқып, қайта меңгеріп отыру маңызды. Жаңа технология, жаңа инновация, бәрі де адамды алға жетелеп отыратыны рас», - дейді Еңбекшіқазақ орта мектебінің мұғалімі Рауан Шынтаева.

Білім және ғылым министрлігінің соңғы шешіміне орай, біліктілікті арттыру курстарынан өту жиілігін кемінде үш жылда бір рет арттыру қажеттілігі, ең алдымен, педагогтерді үздіксіз дамыту тұжырымдамасының принциптеріне, жетекші білім беру елдерінің сенімді нәтижелеріне, педагогика саласындағы ғылыми теорияларға, халықаралық мониторингтік зерттеулерге негізделген.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасы Гүлмира Кәрімова педагогтердің біліктілігін 3 жылда бір рет арттыруға қатысты түсінік берді. Оның айтуынша, бұл тәжірибе дамыған елдердің халықаралық тәжірибесінен қарастырылып, Сингапур, Финляндия сияқты елдерде біліктілікті арттыру жылына кемінде бір рет, ал Ресей Федерациясында кемінде үш жылда бір рет жүзеге асырылатынына негізделген. Ал Қазақстан әлемнің 48 елімен қатар TALIS халықаралық зерттеу нәтижелері бойынша қазақстандық педагогтердің 86%- ы кәсіби даму бойынша іс-шараларға қатысудың педагогикалық практикаға оң әсерін тигізетін болған.