15 ақп, 2021 сағат 12:30

Моңғолияда 23 ақпаннан бастап коронавирусқа қарсы вакцинация жүргізіледі

Моңғолия үкіметі ел тұрғындарына вакцина егуді 23 ақпаннан бастауды жоспарлап отыр. Бұл туралы бүгін баспасөз конференциясында Моңғолия елінің Денсаулық сақтау министрі С.Энхболд мәлімдеді, деп хабарлайды Montsame ақпарат агенттігі.

Ведомство басшысының айтуынша, 23 ақпаннан бастап ел азаматтарын вакциналау бойынша жоспар құрылды.

«Қазіргі кезде біз вакцинаның төрт түрін импорттау туралы келіссөздер жүргізудеміз. Бірінші кезекте Моңғолия Pfizer және AstraZeneca вакциналарын алады», - деді С.Энхболд.

Ол сондай-ақ -70 градус температурада сақталуы тиіс Pfizer вакцинасына арналған қойма және жабдықтардың толық дайын екенін қосып өтті.

«Ел тұрғындарының 20 пайызына вакцина Covax бағдарламасының қаржыландыру есебінен егіледі, вакциналауға тұрғындардың жалпы алғанда 60 пайызы тартылады. Ел халқының қалған бөлігін вакциналау қаржыландырудың басқа көздерінен жүргізіледі. Бұл мәселе Қаржы министрлігі тарапынан толық шешіліп, мақұлданған», - деді министр.