16 там, 2024 сағат 10:42

Моңғолия мектептерінде ағылшын тілі негізгі шет тіліне айналады


Моңғолияда ағылшын тілі негізгі шет тіліне айналады. Ал ағылшын тілі мұғалімдері шетелде білім алады, деп жазады gazeta-n1.

Ағылшын тілі 2024 жылдың қыркүйегінен бастап моңғол мектептеріндегі негізгі шет тілі болады. Бұл туралы елдің жаңа білім министрі Пурэвсурэнгийн Наранбаяр жаңа оқу жылына дайындық жөніндегі кеңесте мәлімдеді.

"Үшінші сыныптан бастап ағылшын тілін негізгі шет тілі ретінде оқыту биылғы оқу жылында 100 мектепте тестілік режимде басталады. Pearson English бағдарламасы оффлайн және онлайн түрде оқытылады", - деді елдің білім министрі.


Ол ағылшын тілі мұғалімдері магистр дәрежесін алу үшін шетелде білім алатынын айтты. Бұған дейін екі елдің сыртқы істер министрлері Моңғолияның ағылшын тілі мұғалімдерін Филиппинде оқыту туралы келісімге келген болатын.

Сондай-ақ, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Ұлан-Баторға сапары барысында Моңғолияда ағылшын тілі орталығын құру ниеті туралы айтты.