Бүгін Моңғолияның министрлер кабинеті 1 мамырдан бастап шекараны ашу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы вице-премьер, Мемлекеттік төтенше комиссия басшысы С.Амарсайхан мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" МОНЦАМЭ агенттігіне сілтеме жасап.
С.Амарсайханның айтуынша, премьер Л.Оюун-Эрдэнэ өткен аптада туристік сала өкілдерімен кездесіп, сала қызметін қалыпты режимде жалғастыру үшін қажетті шараларды қабылдауға ниетті екенін білдірген. Сондай-ақ ол «Халыққа ауқымды вакцина егу процесі тиімді жүргізілсе және мемлекеттік органдар мен жеке секторлар тиісті санитария-эпидемиологиялық шараларды қатаң сақтаса, Үкімет 1 мамырдан бастап шекараны ашу үшін белсенді жұмыс жүргізеді», деп атап өтті.
Осыған байланысты бақылау-өткізу пункттерінің (БӨП) әзірлігін қамтамасыз ету жөніндегі МТК жұмыс тобы БӨП-тегі санитария-гигиеналық жағдайды жақсарту үшін Алтанбулаг және Замын-Үүд сұмындарында, сондай-ақ батыс және шығыс шекара маңындағы аудандарда жұмыс істеді.