13 шіл, 2020 сағат 11:30

Молдовада төтенше жағдай 31 шілдеге дейін ұзартылды

Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау төтенше комиссиясы бүгінгі отырыста Молдова Республикасының бүкіл аумағында қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайды 2020 жылдың 31 шілдесіне дейін ұзарту туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды МОЛДПРЕС.

Комиссия басшысы премьер-министр Ион Кикудың айтуынша, мұндай шешім пандемия жағдайына байланысты қабылданған. Қазіргі уақытта бүкіл әлемде жағдай өршіп отыр.

Қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай ұзартылып қана қоймай, кейбір шектеулер сақталады: шетелдіктердің Молдова Республикасына келуіне, шаралар өткізуге, мектепке дейінгі мекемелер қызметіне, демалыс лагерьлеріне, түнгі клубтарға, дискотекаларға, парктерге, демалыс аймақтарына және т.б.

Соған қарамастан, 16 шілдеден бастап жаттығу залдарында душқа түсуге рұқсат етіледі. Сондай-ақ, оңалту орталықтары, соның ішінде курорттық-шипажай мекемелерінің қызметі кезең-кезеңімен қайта жанданады.

Соңғы 24 сағатта Молдова Республикасында 1819 тест жасалып, 258 адамнан жаңа коронавирус анықталды. Қазіргі уақытта елде 18 924 адам COVID-19 жұқтырған.